
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және өңір жұмыс берушілерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
Жоспардан тыс тексеру аясында 2026 жылғы 9 қыркүйекте мемлекеттік еңбек инспекторы С.Қабдолла «Қаратөбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Қаратөбе спорт клубы» МКҚК ұжымымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуы мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Кәсіпорын басшылығы және еңбек ұжымымен өткен кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға қатысты бірқатар маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.
Ішкі бақылауды ұйымдастыру: еңбекті қорғауды басқару жүйесін (ЕҚБЖ) енгізу және әрбір жұмыс орнындағы кәсіби тәуекелдерді бағалау карталарын тұрақты түрде өзектендіру мәселелері түсіндірілді.
Жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету: қызметкерлерге сертификатталған арнайы киім, арнайы аяқ киім және жеке қорғану құралдарын (ЖҚҚ) уақтылы беру, сондай-ақ олардың қызметкерлер тарапынан мақсатқа сай қолданылуын бақылау қажеттігі атап өтілді.
Міндетті сақтандыру: қызметкерлерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарының мәртебесін және өзектілігін тексеру мәселесі қаралды.
Кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарын орындауы бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.