
2026 жылдың 3 маусым күні Департаменттің бөлім басшысы Е.Найзабеков БҚО «Атамекен» ҰКП алаңында қызметкерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы заңнама талаптарының орындалуы тақырыбында жұмыс кеңесін өткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар құқық қолдану практикасының өзекті мәселелерін талқылады. Жұмыс берушілер тарапынан «Сұрақ-жауап» форматында мәліметтерді интеграциялау механизмдері мен уәкілетті органға ақпарат жолдау тәртібіне қатысты бірқатар сұрақтар қойылды.
ҚР Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 14-тармақшасына сәйкес, барлық жұмыс берушілер (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, меншік нысанына қарамастан) өз қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыруға және шарттарды жасасу туралы мәліметтерді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға уақтылы жолдауға міндетті.
Шарттың болуы зардап шеккендерге немесе олардың отбасыларына сақтандыру төлемдеріне кепілдік береді, бизнестің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді, қызметкерлердің сенімділігін арттырады және жұмыс берушінің беделін нығайтады.
Департамент міндетті сақтандыру шартының болмауы әкімшілік жауапкершілікке (ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабы) әкеп соқтыратынын еске салады. Айыппұл мөлшері: шағын бизнес үшін – 160 АЕК, орта бизнес үшін – 400 АЕК, ірі бизнес үшін – 1000 АЕК құрайды.
Қазіргі уақытта Департамент сақтандыру шарттарының жоқтығы фактілерін анықтау мақсатында ақпараттық жүйелерді қолдана отырып талдау жүргізуде.
БҚО «Атамекен» ҰКП Департаментпен бірлесіп, өмірді сақтандыру компанияларының (ӨСК), бейінді қауымдастықтардың және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген отырыс өткізуді жоспарлап отыр. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін мемлекеттік орган, сақтандырушылар және жұмыс берушілер арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді.