
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен қызметкерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру саласындағы заңнама талаптарының сақталуы бойынша Орал қаласы прокуратурасының қатысуымен 2026 жылдың 9 қаңтарында семинар-кеңес өткізілді.
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 ақпандағы №30 «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, әрбір жұмыс беруші өз қызметкерлеріне қатысты міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
2026 жылғы 5 каңтардағы жағдай бойынша жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасаған заңды және жеке тұлғалардың саны облыс бойынша 3 338-і құрады. Бұл көрсеткіш қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру бағытында алынып жатқан шаралардың белгісі.
Сонымен қатар, жекелеген жұмыс берушілер тарапынан заңнама талаптарының сақталмау фактілері әлі де кездесуде. Бұл жағдай орта және кіші бизнес арасында орын алуда. Міндетті сақтандыру шартын жасаспау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады және субъектінің санатына қарай айыппұл салуды көздейді (шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 160 АЕК, орта – 400 АЕК, ірі - 1000 АЕК).
Қазіргі уақытта Департамент міндетті сақтандыру туралы заңнама талаптарының сақталуын анықтау мақсатында ақпараттық жүйелерге талдау жүргізу жұмыстарын жалғастыруда. Бұзушылықтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылатын болады.
Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасу мәселелері бойынша жұмыс берушілер сақтандыру қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарына жүгіне алады. Лицензияланған сақтандыру ұйымдарының тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылған. Сондай-ақ заңнама талаптарын сақтау бойынша консультацияларды мемлекеттік еңбек инспекциясының облыстық департаментінен алуға болады.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметкерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Департамент жұмыс берушілерге жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарының бар-жоғын және олардың өзектілігін уақтылы тексеруді ұсынады.
Байланыс деректері: Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің
Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті: тел.: (7112) 31-85-61, e-mail: trudzko@enbek.gov.kz