
Ағымдағы жылдың 19 қараша күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгеріс дәуіріндегі адал еңбек: қорғау, даму, инновация» стратегиясы және Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық №2 сотымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандум аясында «Еңбек даулары мен жанжалдарды шешуде медиацияның рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға Орал қаласы №2 сотының судьясы Ринат Әділгерей, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Туйгинбетов, Шатикова Зуря – Кәсіби медиатор, сондай-ақ салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен заңгерлері, медиаторлар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – еңбек дауларының алдын алу мен оларды тиімді шешуге бағытталған медиация тетіктерін талқылау, тәжірибе алмасу және тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.
Кездесу барысында: еңбек дауларының алдын алу тәсілдері, ұйымдарда медиация кабинеттерін құру тәжірибесі, кәсіподақтар рөлінің күшеюі және алдын алу шараларын жетілдіру жолдары, жаңа стратегия аясында қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту бағыттары кеңінен сөз болды.
Шара нәтижесінде тараптар алдағы уақытта бірлескен жобалар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, медиацияны еңбек қатынастарына енгізу мәдениетін кеңейтуді қолдап, өзара ынтымақтастықты нығайтуға келісім білдірді.