Облыстағы діни бірлестіктердің басшылары орталық мешітте бас қосты

Облыстағы діни бірлестіктердің басшылары орталық мешітте бас қосты

2021 жылдың 6 қазанында Орал облыстық орталық мешітінде Батыс Қазақстан облысындағы (әрі қарай - БҚО) діни бірлестіктердің басшылар Клубының (әрі қарай - Клуб) кезекті отырысы өтті.

Отырысқа діни бірлестіктердің басшылары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің өкілі және діни қызмет саласының мамандары қатысты.

Алғашқы сөз алған БҚО дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов діни бірлестіктердің базасында өткізілетін Клуб отырыстары мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық өзара байланысты нығайтуға септігін тигізетініне сенімін білдірді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді тетіктерді қалыптастыру бойынша дәйекті қадамдар жасалып жатқанын,  жемқорлық барлық әлемдік діндермен айыпталатынын атап өтті. Өз кезегінде діни бірлестік басшылары бөтен мүлікті заңсыз иемдену мен парақорлықтың күнә болып табылатыны жөнінде жамағат арасында уағыз-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (әрі қарай - ҚМДБ) БҚО бойынша Бас имамы Бақытжан Сабралиев діни бірлестік басшыларына мешітке қош келдің айтып, ислам діні ешкімді ұлтына, нәсіліне, жынысына қарап бөлмейтінін және басқа конфессияларға сыйластықпен қарайтынын, адамзатты бейбітшілікке, достыққа, әділеттікке шақыратынын жеткізді. Орал облыстық орталық мешітінің наиб имамы Мейрамбек Абдрахманов ислам діні қағидаларының ерекшеліктері, БҚО бойынша ҚМДБ филиалдарының қызметі жөнінде презентация жасады.

Орал қаласы «Агапе «Інжілдік христиан шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің басшысы Анатолий Ким Бас имамнан адам қай жастан бастап нағыз мұсылман атанатын сұрады. Бас имам Б.Сабралиев «Ханафи мәсхабы бойынша ұл балалар 12, қыз балалар 9 жасқа толғаннан, яғни жыныстық (физикалық) жетілген кезде бойжеткен болып саналады. Егер аталған жастарда белгілері көрінбесе, онда еркек те, қыз да 15 жасында балиғатқа толады. Адам балиғат жасқа толғаннан кейін шариғат бойынша парыз амалдарды орындауға міндетті. Адам шаһада (адам Алладан басқа тәңір жоқ екенін, Мұхаммед Аллаһтың елшісі екенін мойындайды) айтқанан бастап мұсылман болып саналады», - деп жауап берді. 

«Орал қаласы, Жетінші күн адвентист-христиандарының Тұрғылықты жерінің Шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің басшысы Сергей Курилов бүгінде көшеде қара хиджаб киіп, бет-аузын тұмшалаған қыздарды кездестіретінін, ислам діні бұл қаншалықты дұрыс екенін сұрады. Б.Сабралиев шариғат бойынша иман келтірген қыздар мен әйелдерге басын жауып, ұзын киім киюі парыз етілгенін, әйел адамның жүзі, саусақтары әуретке (жасырылуы қажет дене мүшелері) жатпайтындықтан, бетін бүркемелеу шариғи міндет емес екенін түсіндірді. Бұл кейбір араб елдерінің климаттық ерекшеліктері мен дәстүріне байланысты қалыптасқан әйелдердің киім кию әдебі деп өз ойын түйіндеді.

Басқарма басшысы М.Раманкулов дін істері басқармасының мамандары, дін мәселелерін зерттеу орталығының теологтартары деструктивті діни ағымдардың идеологиясын ұстанушы азаматтармен түсіндіру жұмысы кешенді түрде жүргізіліп отырғанын, ислам бағытындағы теріс діни ағым өкілдерін оңалту жұмысына имамдар, христиандық бағыттағы деструктивті діни ағымдардың идеологиясын ұстанушы азаматтар кездесіп жатса, Орал епархиясының діни қызметкерлері тартылатынын айтты. Діни бірлестіктердің бір-бірімен жақсы байланыс орнатып, араласуына ешқандай тосқауыл жоқ екенін жеткізді.

Орал Епархиясының Спасо-Преображен приходының басшысы Владимир Гарасим, «Өмір бұлағы» христиандық інжілдік елуліктер шіркеуінің пасторы Александр Хорев Клуб отырысын ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, Клуб шеңберінде өтетін кездесулер христиандық бағыттағы діни бірлестіктердің ғибадат үйлерінде жалғасын табатынын айтты.