Облыстағы діни бірлестіктердің басшылары Клубының кезекті отырысы өтті

Облыстағы діни бірлестіктердің басшылары Клубының кезекті отырысы өтті

Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасымен 2021 жылғы 15 наурызда облыстық діни бірлестіктердің басшылары Клубының кезекті отырысы онлайн форматта өтті. Онлайн шараға діни бірлестіктердің басшылары, Басқарманың және Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары қатысты.

Клуб отырысын бастаған Басқарма басшысы Мақсат Раманқұлов, короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін мемлекет тарапынан бірқатар шектеу шаралары қабылданған қиын жағдайда облыстағы діни бірлестіктердің басшылары жоғары азаматтық жауапкершілік танытқандығын атап өтті. Қазіргі таңда елімізде 130-дан астам этнос өмір сүріп, 3800 астам діни бірлестікті біріктіретін 18 конфессияның өкілдері қызмет етіп жатқанын, бейбітшілік пен келісімді сақтау ортақ міндет екенін баса айтты.

Клуб отырысының күн тәртібіне сәйкес бірінші сұрақ бойынша Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы, теология магистрі Арман Нұрахметұлы «Бүгінгі Қазақстандағы конфессияаралық коммуникация» тақырыбында баяндама жасады. Теолог маман қазіргі таңда дінаралық мәдениетті қалыптастыруда жоғары білікті кәсіби мамандардың рөлі артып отырғандығын айтып, отандық теологиялық оқу орындарының қызметіне тоқталды.

Бұдан әрі БҚО дін істері басқармасының әкімшілік бөлімінің басшысы-заңгер Айбат Төлегенов «Зайырлы мемлекеттің конституциялық-құқықтық аспектісі» тақырыбында сөз қозғап, діни қызмет саласы бойынша қолданыстағы заңнамамен көзделген әкімшілік, қылмыстық жауапкершіліктерге жеке-жеке тоқталды. Зайырлы мемлекеттің құқықтық негізін түсіндіре келе, ол заң талаптарын орындауды қамтамасыз етудегі діни бірлестік басшыларының ролі туралы баса айтты.

Айбат Төлегенов өз сөзінде: «Дін саласындағы заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында діни объектілерге, діни әдебиет сататын орындарға және әлеуметтік аккаунтарға мониторинг жүргізіліп келеді. Мәселен, былтыр облысымызда діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды olx.kz сауда алаңы, instagram әлеуметтік желісі арқылы онлайн сату фактілер орын алды. Азаматтар арасында заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында 2020 жылғы 10 қарашада 8,5 млн. бірегей қолданушылары бар оlx.kz сауда алаңының басшылығына діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де материалдарды таратуды реттейтін заң нормаларын түсіндіріп, хат жолданды. Нәтижесінде 10 желтоқсаннан бастап аталған сауда алаңында діни мазмұндағы материалдарды сатуға тыйым салынды»,- деді.

Өз кезегінде діни бірлестік басшылары Орал қаласындағы діни әдебиеттерді таратуға арналған стационарлық орындар және дінтану сараптамасы бойынша сұрақтар қойып, көтерілген мәселелер төңірегінде өз ой-пікірлерін білдірді.

Отырыс соңында Басқарма басшысы Мақсат Раманқұлов Клубтың келесі отырыстарын діни бірлестіктердің бірінің ғибадат үйінде бейресми түрде өткізу туралы ұсыныс білдірді. Діни бірлестік басшылары бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

Облыстағы діни бірлестіктердің басшылары Клубы дін саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, пікір бөлісетін диалог алаңы болып табылады.