Діни әдебиеттерді заңсыз сатқандар жазаға тартылуда

Діни әдебиеттерді заңсыз сатқандар жазаға тартылуда

Биыл облысымызда  діни әдебиеттерді заңсыз тарату бойынша 3 дерек тіркелген. Облыстық дін істері басқармасының мәліметі бойынша, діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды olx.kz интернет дүкені және instagram әлеуметтік желісі арқылы сатқан азаматтардер кезінде анықталып, әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартылған.

Оның біреуі Бәйтерек ауданының тұрғыны. Ол2020 жылы 9 қыркүйек күні діни әдебиеттерді арнайы белгіленген тұрақты үй жайларда таратуға тиісті рұқсатты алмастан, «OLX.kz» әлеуметтік жарнама сайтында діни мазмұндағы «Қасиетті Құрандағы аяттар» деп аталатын винил пластинасын сатып, пайда тапқысы келген. Кейін бұл азаматты БҚО полиция департаментінің қызметкерлері анықтап, облыстық дін істері басқармасының мамандарымен бірге әкімшілік хаттама толтырып, заңсыз әрекеті үшін ісін сотқа жолдаған.  Аталмыш азамат сот отырысында заңнан хабары жоқтығын, діни әдебиеттерді арнайы белгіленген тұрақты үй жайларында таратуға тиісті рұқсатты алу керектігін білмегенін, іс-әрекетіне өкінетінін айтқан. Яғни, ӘҚБтК-нің 490-бабының 1-бөлігінің 3- тармақшасында көзделген Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзғанын толық мойындап, Бәйтерек аудандық сотымен 50 айлық есептік көрсеткіш (138 900 тг) мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жазаға тартылады. Алайда жауапкершіліктен қашпай, өз кінәсін бірден мойындағаны үшін ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігіне сәйкес, салынған айыппұлдың жалпы сомасын30 пайызға қысқартып, 97230 теңге мөлшерінде айыппұлға алмастырған.

- Бұл істі жедел іздестіру жұмыстары барысында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері  анықтаған болатын. Облыстық дін істері басқармасының мамандары сараптама жасап, бұл пластинаның діни бағытты сипаттайтын мазмұны бар материал екенін анықтады. Алайда аталған азамат бұл әрекетін қасақана жасамағанын, заңды білмегендігін айтып, өзінің қателігін мойындады. Заң білмегендік жауапкершіліктен босатылмайтынын білеміз, алайда кінәсін дер кезінде бұлтартпай мойындағаны үшін сот үкімі негізінде салынған айыппұл мөлшері азайтылды. Винил пластинкасы бір жағынан діни мазмұнды насихаттайтын материалға жатса, екінші жағынан бағалы коллекциялық қорға жатады. Сот қаулысы бойынша материал азаматтың өзіне қайтарылып берілді, - деген облыстық дін істері басқармасының әкімшілік бөлімінің басшысы - заңгер Айбат Төлегенов бұдан бөлек заңнама талаптарын бұзғаны үшін сотта тағы 2 іс қаралып жатқанын айтып өтті. Оның айтуынша, діни мазмұндағы әдеби кітаптарды әлеуметтік желіде сатып, таратқан үшін бұл азаматтардыда әкімшілік жаза күтіп тұр.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» № 483-IV Заңының 9-бабының 2-бөлігіне сай діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгіленген тұрақты үй-жайларында ғана таратуға жол беріледі.

Бүгінде, облыс аумағында ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес 9 конфессияны құрайтын 79 діни субъект қызмет етеді. Оның ішінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының 47 филиалы бар (облыстық -1, қалалық -3, аудандық - 12, ауылдық - 31), 19  православ шіркеуі (аймақтық - 1, облыстық - 10, аудандық -8), 1 буддистік, 1 католиктік, 1 Ехоба куәгерлері, 10 протестанттық діни бірлестіктер. Облыстық дін істері басқармасының мәліметіне сүйенсек, діни бірлестіктердің басым бөлігі (25) Орал қаласында орналасқан. Облыс аумағында діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға арналған арнайы 16 стационарлық орын  (Орал қаласында - 3, аудандарда - 13) белгіленген. Орал қаласы бойынша «Оптима» кітап дүкені (Қ.Жумағалиев көшесі, 49), «Книжник» кітап дүкені (Құрманғазы көшесі, 150), «Книги» кітап дүкені(Әбілхайыр хан даңғылы, 153).

- Облыстық дін істері басқармасы мамандары үнемі әлеуметтік желілерді қадағалап, адамдар көп шоғырланатын базарлар мен сауда орындарында мониторингтік тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Өйткені діни мазмұндағы кез-келген әдеби кітаптарды арнайы белгіленген орындардан басқа жерде  сатуға, таратуға заңмен тыйым салынған. Егер қандай да бір осыған ұқсас деректерді кездестірген болса, кез-келген тұлға аноноимді түрде сенім телефонына хабарласа алады. Біз жедел түрде іс-әрекет жасап, заңсыздықтың орын алуына жол бермеуге тырысамыз.Басқарманың мақсаты тек айыппұл салумен ғана шектелмейді, заңсыздықтарды болдырмау үшін барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысамыз, - деді Айбат Төлегенов.

 

Ләззат ШАҒАТАЙ

«Орал өңірі»