
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен 2026 жылғы 18-22 мамыр аралығында Батыс Қазақстан облысында Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы (РАТТ) мүшелерінің қатысуымен тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – халықтың діни сауаттылығын арттыру, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру, қоғамда жалған діни идеялардың таралуына жол бермеу және діни экстремизмнің алдын алу.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жергілікті тұрғындар, мектеп оқушылары, студент жастар, мемлекеттік қызметкерлер, спортшылар мен жаттықтырушылар және өзге де әлеуметтік топ өкілдері қатысты.
Кездесулерге Республикалық деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері: Сапар Айсұлтан Нұрлыбекұлы – Ақтөбе қаласындағы «Ихсан» орталығының теолог маманы; Кабдоллин Мейрамбек Ержанұлы – Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы, дінтанушы; Нұрахметұлы Арман – «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының «Ақпараттық-түсіндіру жұмысы» бөлімінің лекторы; Бабаханов Абдувахид Абытханұлы – Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығы басшысының орынбасары, исламтанушы қатысты.
Түсіндіру тобының мүшелері халық арасында «Зайырлы мемлекеттегі діни қатынастар», «Жастар арасында рухани құндылықтарды түсіндіру және діни сауаттылықты арттыру», «Деструктивті жалған діни ағымдарға тарту әдістері», «Қазақстан Республикасындағы зайырлылық қағидасының маңызы», «Зайырлылық қағидаты – Қазақстан Республикасының болашағының кепілі», «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүрдің өзара байланысы», «Дін мен мемлекет қатынастары», сондай-ақ Қазақстан Республикасының дін саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік мәселелері бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, 18 мамыр күні Орал қаласында бірқатар маңызды кездесулер ұйымдастырылды. РАТТ мүшесі, Ақтөбе қаласындағы «Ихсан» орталығының теолог маманы Сапар Айсұлтан Нұрлыбекұлының қатысуымен «Мақсат» жоғары медициналық колледжінде, Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде, облыстық ауруханада және Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда ақпараттық-түсіндіру шаралары өтті.
Кездесулер барысында жастар мен тұрғындарға дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, интернет кеңістігіндегі күмәнді діни ақпараттардан сақтану және ресми діни ақпарат көздеріне жүгіну қажеттігі жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар тарапынан нақты әрі мазмұнды жауаптар ұсынылды.
Осындай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары алдағы уақытта да облыс аумағында жалғасатын болады.