Аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелеріне арналған үш күндік оқыту семинары өтті

Аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелеріне арналған үш күндік оқыту семинары өтті

Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 14–16 қаңтар аралығында «Алға қадам» жобасы аясында аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған үш күндік оқыту семинары өткізілді.

Аталған семинарға Тасқала, Қаратөбе, Бөрлі, Бөкей ордасы, Казталов және Теректі аудандарынан АТТ-ның 9 өкілі қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдегі діни ахуалды дұрыс бағалау, радикалды және деструктивті идеологияларға қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ АТТ мүшелерінің кәсіби шеберлігін арттыру.

Семинар барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары, деструктивті діни ағымдардың ерекшеліктері, діни экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыру тетіктері, медиа және қарсы насихат жұмысының рөлі сынды өзекті тақырыптар талқыланды. Қатысушылар алған теориялық білімдерін топтық жұмыстар арқылы тәжірибеде қолданды.

Қатысушыларға діни радикализмнің алдын алуға және деструктивті идеологияларға төзімділікті қалыптастыруға бағытталған, 15 түрлі мақсатты топпен жұмыс істеуге арналған әдістемелік материалдар берілді.

Қатысушылардың білімін бекіту мақсатында интерактивті Kahoot викторинасы ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу аясында теолог мамандар колледж студенттерімен, медицина қызметкерлерімен, спорт жаттықтырушыларымен және кітапхана қызметкерлерімен кездесулер өткізді.

Үш күндік оқыту семинарының қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталып, жобаның алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны атап өтілді.