Орал қаласында 17 жасар қыз интернет арқылы діни әдебиеттерді сатқан

Орал қаласында 17 жасар қыз интернет арқылы діни әдебиеттерді сатқан

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері БҚО Дін істері басқармасымен бірлесіп Орал қаласында кәмелетке толмаған 17 жасар қыздан діни әдебиеттерді тәркіледі. Қыз бала Instagram әлеуметтік желісі арқылы діни кітаптарды сатумен айналысқан. Діни әдебиеттерді сату фактісі әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталған.

Кітаптар тәркіленіп, қыздың анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490-бабы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңнамасын бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Діни әдебиетті, діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды таратуға белгіленген орындарда ғана жол беріледі. Яғни, діни ғимараттар аумағында, діни және рухани оқу орындарында – медреселерде, семинарияларда және басқаларында, сондай-ақ арнайы стационарлық үй-жайларда.

Діни әдебиетті белгіленбеген орындарда сатқаны үшін жеке тұлғаларға - 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (138 900 теңге), заңды тұлғалар үшін - қызметін үш ай мерзімге тоқтата тұрып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (555 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салу көзделеді.