БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕРТЕ АРАЛАСУ ОРТАЛЫҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА  АРНАЛҒАН ЕРТЕ АРАЛАСУ ОРТАЛЫҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

 Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында өңірімізде «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы және «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры бастамасымен бүгін, 27.12.2023 ж. облыс орталығы Орал қаласында БҚО Денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Облыстық перинаталдық орталық» МКК жанынан 3 жасқа дейінгі мүгедек балалар үшін «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды.
«Қамқорлық» ерте араласу орталығының негізгі мақсаты – ерте жастан балалар мүгедектігінің алдын алу.
Аталмыш орталықтың ашылуына жергілікті бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 72 452 038,56 тенге қаражат бөлініп, «Өркен-Сервис» ЖШС-мен жүзеге асырылды.
Орталыққа «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 57 млн теңге қаржы бөлінді. Жаңа орталық мамандары нейро-ортопедиялық кінәраттары мен олардың туындау қаупі бар балаларға көмектесетін болады. Мекеме ең замануи жабдықтармен жабдықталған, жылына денсаулығында кінәраты бар 3 жасқа дейінгі 600 баланы қамти алады.
Бұл «Самұрық қазына» қорының қаржыландыруымен «Қамқорлық» жобасы аясында Орал қаласында ашылып отырған екінші оңалту орталығы. Алғашқысы 2019 жылы 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып ашылған болатын.
Орталықтың ашылуына орай өткен салтанатты шарада сөз сөйлеген Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жобаның жүзеге асырылуына жан-жақты көрсетілген қолдаулар үшін «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры және «Қамқорлық» орталығы өкілдеріне, сонымен қатар жөндеу жұмыстарын жүргізген жергілікті кәсіпкерлерге облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың атынан алғыс білдірді.
«Біз бүгін Қазақстан бойынша ерекше балалар және олардың ата-аналары үшін 34-ші оңалту орталығын ашып отырмыз. Ерте араласу оңалту орталықтарының артықшылығы - денсаулығында кәніраты бар балаларға абилитациялық оңалтуды жүргізу арқылы мүгедектігінің алдын алуға көмек беру. Бұл мақсатта дәрігерлермен бірлескен еңбектің жемісін ата-аналар қауымы лайықты бағалайды деп сенемін. Ал біздің ұлттық әл-ауқат қоры инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған игілікті ісін әрі қарай да жалғастыра береді», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Ерте араласу орталығында церебралды сал ауруы, шала туу, Даун синдромы, дамуында туа біткен ақаулары, бұлшық ет дистрофиясы, босану жарақаттары және қозғалыс бұзылыстары және жүйке жүйесінің басқа да аурулары бар балалар оңалтудан өтеді. Балалармен жұмыс істеу үшін тиімді технологиялар ұсынылған, олар: механотерапия және емдік-дене шынықтыру залы, сенсорлық, иммерсиялық ванна, шунгит және тұз бөлмелері. Есту қабілетін және бас миын зерттеуге арналған диагностикалық жабдықтар да бар.
Жалпы, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, БҚО аумағында соңғы 5 жылда жалпы сомасы 360,5 млн теңгеге 7 жобаны іске асырды.
Сонымен қатар салтанатты шарада «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасының орынбасары Ләззат Чинкисбаева, «Қамқорлық Қоры» КҚ директоры Арайлым Еркінова және денсаулық сақтау саласының ардагері Рахима Жаксыбаева сөз сөйледі.