Батыс Қазақстан облысына 62 540 доза Ресейлік «Спутник V» вакцинасының ІІ компоненті жеткізілді

Батыс Қазақстан облысына 62 540 доза Ресейлік «Спутник V»  вакцинасының ІІ компоненті жеткізілді

16  маусым  күні облысымызға 62 540 доза Ресейлік «Спутник V»  вакцинасының ІІ компоненті жеткізілді. Вакцина барлық МСАК ұйымдарына бөлініп, бүгінгі таңда медицина қызметкерлері тұрғындарды вакцинацияға белсенді шақыруда. Бұл туралы бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Абдрахманова айтып өтті.

«Бүгінгі таңда халықты COVID-19 коронавирустық инфекциясынан қорғаудың жалғыз әрі тиімді жолы вакцинациялау болып табылады. Вакцинациялаудың арқасында адамзат шешек сында аса қауіпті ауруды жеңіп, дифтерия, қызылша, сіреспе және тағы басқа ауыр инфекциялық ауруларға қатысты салыстырмалы эпидемиологиялық тұрақтылыққа қол жеткізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 60%-дан кем емес бөлігі вакцинациялануы тиіс. Вакцинациялау – бұл жұқпалы ауруларға арнайы қабылдамаушылық тудыру мақсатында адам ағзасына медициналық иммунобиологиялық препаратты енгізу болып табылады. Вакцина белгілі бір ауруға қатысты арнайы иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді. Осылайша, вакцина алған  адам ол аурумен ауырмайды, ауырған күннің өзінде ауру жеңіл ағымда өтеді», - деп түсіндірді Г.Абдрахманова.

 Гүлнар Мақсотқызының айтуынша,  ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 11 маусымдағы № 28 «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы» жаңа қаулысы шықты. Онда КВИ-дің кез-келген түрімен ауырып жазылған адамдарды сауыққаннан кейін және вакцинациялау алдындағы жай-күйін бағалауды ескере отырып, 6 айдан соң вакцинациялаудың толық курсымен егу ұсынылады.

Бұл ретте КВИ-мен ауырғандарға сауыққаннан кейін 3 айдан соң екпе жасауға болады деп көрсетілген. Сондықтан, егер ұжымда КВИ-мен ауырған қызметкерлер болса, олар сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакцина ала алады.

Вакцинаның екінші компоненті алынғаннан кейін медицина ұйымы вакцинация паспортын қағаз түрінде береді.

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі