Медицина сапасын арттыру – басты назарда

Медицина сапасын арттыру – басты назарда

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Утешев жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға Қарашығанақ кен орнында қызмет атқаратын ірі мұнай-газ операторы – Karachaganak Petroleum Operating B.V. компаниясының денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Артур Статигополис және КРО жедел жәрдем қызметінің басшысы Насиханова Гүлайым Қуанышқалиқызы қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған нақты және тиімді жоспарларды талқылау.

Бөрлі аудандық ауруханасының директоры Алтынай Баймұратованың айтуынша, Karachaganak Petroleum Operating B.V. компаниясы тарапынан көрсетілетін қолдау өңір медицинасының дамуына елеулі серпін бермек. Атап айтқанда, материалдық-техникалық базаны жаңарту, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру бағытында нақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Өз кезегінде басқарма басшысы медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, оларды үздіксіз оқыту және тәжірибе алмасу мәселелері әрдайым басты назарда екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты күшейтіп, бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.