
Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов төрағалығымен штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай және МӘМС жүйесіндегі D және E санаттарына қатысты мәселелер қаралды.
Жиында Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Губайдуллина баяндама жасап, өңірдегі қызылшаға қарсы иммундау жұмыстарының барысын таныстырды.
Баяндамасында республика мен облыста эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз екені, екпеден бас тарту жағдайларының артуы қауіптің негізгі себептерінің бірі болып отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес қызылшаға қарсы иммундау шаралары кеңейтілген.
Қосымша жаппай иммундау аясында:
🔹 6–10 ай аралығындағы балаларды егу;
🔹 18 жасқа дейінгі бұрын екпе алмаған балаларды толықтыра иммундау;
🔹 екпесі жоқ 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін қамту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар балабақшалардағы 90 пайыздық ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету, екпеден бас тартқан ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
Штаб отырысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен дін саласы өкілдері де сөз сөйлеп, түсіндіру жұмыстарын күшейту бағытында бірлескен іс-қимыл жалғасатынын жеткізді.
Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан иммундаумен қамтуды 95 пайызға жеткізу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.