
2025 жылдың 23 желтоқсанында БҚО әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық қан орталығы» ШЖҚ МКК базасында облыстық конференция өтті. Іс-шараның басты мақсаты – өңірдегі қан қызметінің қазіргі жағдайын талқылау, трансфузиология саласын дамыту жолдарын қарастыру және медициналық ұйымдар арасындағы тиімді ынтымақтастықты нығайту болды.
Конференция қатысушылары Облыстық қан орталығының қан мен оның компоненттерін сақтау, зертханалық зерттеулер жүргізу барысымен танысты.
Облыстық конференцияға Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А. Жүнісбеков қатысты.
Конференция барысында Облыстық қан орталығының директоры К. Калиев «2025 жылға арналған БҚО-дағы қан қызметінің жай-күйі» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ, қан компоненттерін сақтау және тасымалдаудағы маңызды жүйе – суық тізбек туралы ақпарат ұсынылды. Баяндамада суық тізбектің маңыздылығы, оның негізгі элементтері, олардың өзара байланысы, сондай-ақ бұл жүйе бұзылған жағдайда туындайтын қауіп-қатерлерге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, конференцияда қан дайындау бөлімінің меңгерушісі, зертхана меңгерушілері және дәрігер-трансфузиологтар сөз алып, қан қызметінің әртүрлі бағыттары бойынша мазмұнды баяндамаларымен бөлісті.
Қан қауіпсіздігін қамтамасыз ету, донорлық қызметті жетілдіру, зертханалық процестердің дәлдігі мен тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шараға облыстағы медициналық ұйымдардың емдеу ісі жөніндегі директор орынбасарлары мен дәрігер-трансфузиологтар қатысты. Қатысушылар трансфузиология саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты және алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеудің тиімді жолдарын белгіледі. Конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар арасында кәсіби пікір мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік тудырды.