
Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақжайық ауданында ақ халатты жандарға жаңа қызметтік үйлер табысталды
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Ақжайық ауданының Чапаев және Тайпақ ауылдарында медицина қызметкерлеріне арналған жаңа қызметтік үйлердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл — шалғай ауылдардағы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған маңызды әрі нақты қадам.
Салтанатты шараға Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Утешев, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Серік Орынбасаров, ауыл ақсақалдары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Тайпақ ауылына – жаңа серпін
Тайпақ ауылында бой көтерген алты пәтерлік үш үйдің кілттері алғашқы үш медицина маманына табысталды:
Данияр Құлахметов – жалпы тәжірибелік дәрігер
Нуризат Исатаева – онколог, рентгенолог, терапевт
Бекнұр Орынбасар – жалпы тәжірибелік дәрігер
Жаңа қызметтік үйлер — ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп жүрген жас дәрігерлердің тұрақты еңбек етуіне жасалған маңызды жағдай.
Сонымен қатар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының есебінен ауданға заманауи реанимобиль беріліп, жедел көмек қызметінің техникалық әлеуеті күшейтілді. Бұл ауылдық аймақта шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады.
Чапаев ауылындағы қолдау
Ақжайық ауданының орталығы — Чапаев ауылында биыл төрт пәтерлі екі жаңа үйдің кілттері жергілікті медицина саласының мамандарына табысталмақ:
Нурлан Зекешов – дәрігер-фтизиатр (туберкулезге қарсы маман)
Азат Тойшыбаев – дәрігер-хирург
Бұл — өңірге білікті кадрларды тартуға, ауылдық елді мекендерде тұрақты мамандар қорын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды жалғасы.
Қызметтік баспаналардың берілуі — тек әлеуметтік қолдау емес, ауыл медицинасының дамуына нақты серпін беретін игі шара. Жас мамандардың ауылда қалып, ұзақ мерзімді еңбек етуіне мүмкіндік жасау тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің тұрақтылығы мен сапасын арттыруға жол ашады.