Шыңғырлау аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды!

Шыңғырлау аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды!
2025 жылдың 28 қарашасында Шыңғырлау ауданында аудандық аурухананың толықтай жаңартылған ғимараты халыққа есігін қайта айқара ашты.
 Аурухана ғимараты заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтылды.
Аумағы 3600 шаршы метрден асатын нысанда бүгінде 40 төсектік тәулікбойғы стационар және 36 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді.
Терапия, балалар бөлімі, жұқпалы аурулар, хирургия, неврология, паллиативтік көмек және акушерлік бөлім — тұрғындарға қажет негізгі медициналық қызметтердің барлығы осы жерде шоғырланған.
Бұл маңызды жоба «Карачаганак Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының қолдауымен іске асты. Құрылыс жұмыстарын «БатысКотлоМонтаж» ЖШС атқарды.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс басшылығы, медицина саласының ардагерлері, дәрігерлер мен аудан тұрғындары қатысты.
Аудан жұртшылығының қуанышына арнайы келіп ортақтасқан БҚО әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов жаңартылған нысанның маңызын атап өтіп, қысқаша құттықтау сөз арнады. Өз сөзінде ол:
аурухананың жаңаруы — аудан халқының денсаулығына жасалған үлкен қамқорлық екенін, жаңа ғимарат дәрігерлердің тиімді жұмыс істеуіне және тұрғындардың сапалы медициналық көмекті дер кезінде алуына айтарлықтай мүмкіндік беретінін
атап өтті.
Өңірде денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Медициналық инфрақұрылымның нығаюы ауыл халқы үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда. Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 50 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген болатын.