
Бүгін, 30 қазан күні, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдіұлы Амангелдиев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданына барды.
Сапардың мақсаты – өңір тұрғындарымен және медицина қызметкерлерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, ұсыныстарды тыңдау және азаматтарды жеке қабылдау болды.
Тұрғындармен кездесуде вице-министр ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, дәрігер мамандар тапшылығын азайту және инфрақұрылымды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Сондай-ақ, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.
Кездесуден кейін Ардақ Амангелдіұлы азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен мәселелерін қарады. Әрбір өтініш бойынша түсініктеме беріліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұдан соң вице-министр жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қысқаша сұхбат беріп, өңірде медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жоспарлармен бөлісті.
Вице-министрдің Тасқала ауданындағы сапары өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйімен жан-жақты танысуға және алдағы даму бағыттарын нақтылауға мүмкіндік берді.