Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 14 мыңнан астам төлқұжат пен жеке куәлік берілді. Аталған құжаттарды қалай рәсімдеуге болады? Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы түсіндіреді.
Төлқұжат пен жеке куәлікті алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керек. Қызмет эксаумақтылық режимінде жүргізіледі, яғни өзіңіз тіркелген мекенжайға қарамастан кез-келген ХҚКО-ға бара аласыз. Орталықта жеке куәлік пен төлқұжатты рәсімдеу бойынша операцияны көші-қон қызметі жүзеге асырады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке куәлік 16 жасқа толған уақытта беріледі. Төлқұжатқа қатысты айтар болсақ, балаларға аталған құжатты бірінші рет рәсімдеу үшін туу туралы куәлік қажет, ал 16 жастан асқандар үшін жеке куәлік керек. Төлқұжаттың мерзімі өткен жағдайда, қызмет алушы қалауы бойынша жаңа төлқұжат алуға өтініш бере алады немесе оны мерзімі аяқталғанға дейін 1-2 ай бұрын ауыстыра алады. Қызмет көрсетудің стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні.
Еске салайық, ҚР Салық кодексі 622 бабының 4 тармағына сәйкес, жеке куәлік пен төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын төлеуден кейбір азаматтар легі босатылған. Мәселен, бұл санатқа ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар, Кеңес одағының батырлары және Социалистік еңбек ерлері, барлық топтағы мүгедектер, сондай-ақ бала кезінен мүгедек болған клиенттің ата-анасының бірі, қарттар мен мүгедектерге арналған мекемелерде тұратын егде жастағы адамдар, жетім балалар және балалар үйлерінде немесе интернаттарда тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ «Батыр Ана» атағы бар, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" төсбелгілерімен наградталған көпбалалы аналар жатады.