Өмірдегі әртүрлі себептер бойынша азаматтар жеке деректерін өзгерту қажеттілігіне байланысты көптеген жағдайларға тап болады – тегі, аты, әкесінің атындағы (бұдан әрі – Т.А. Ә.) жіберілген қателіктерге, дәлсіздіктерге байланысты немесе жұбайының тегін, атасының немесе әкесінің атымен тегін өзгерту, басқа негіздер бойынша өзгерту ниеті болуы мүмкін.
Осы кезде «қалай өзгерту немесе түзетуге болады, ол үшін қайда бару керек?» деген сұрақтар туындайды.
Он алты жасқа толған Қазақстан Республикасының әрбір азаматы Т.А.Ә. өзгерте алады.
16 жасқа дейінгі балалардың Т.А.Ә. өзгерту үшін өтінішпен заңды өкілдері, яғни баланың ата-аналары жүгінеді. Ал он жастан бастап баланың жеке деректерін өзгерту үшін оның келісімі талап етіледі.
«Неке (ерлі - зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 257-бабында Т.А.Ә. ауыстыру үшін негіздердің толық тізбесі көзделген.
Т.А.Ә. ауыстыру, өзгерту, түзету үшін Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органға (АХАТ) өтініш беруге болады, сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ-ға өтініш беруге болады.
Т.А.Ә. ауыстыру туралы өтініште міндетті түрде таңдалған Т.А.Ә. және оларды өзгеру себептері көрсетілуі және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер (туу, неке қию немесе некені бұзу туралы) өтініш берушінің Т. А. Ә. ауыстыруды сұраған себептерін растайтын құжаттар берілуі тиіс.
Т.А.Ә. ауыстыру мәселесі күрделі санаттағы істерге жатады, өйткені азаматтардың сауалнамалық деректерін өзгертуді көздейді. Мұндай өтінішхаттарды қарау рәсімі тиісті тексерулер жүргізуді, оның ішінде шет мемлекеттердің АХАЖ органдарының мұрағаттарынан оларды беру негіздерін (актілер жазбаларының көшірмелерін) талап ету арқылы ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығына тексеру жүргізуді талап етеді. Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген азаматтық хал актілері "АХАЖ" ақпараттық жүйесінде тексеріледі.
Тиісті өзгерту жүргізілген адамға Т.А. Ә. өзгерткеннен кейін қандай мәліметтер өзгертілетініне байланысты туу туралы немесе неке қию, неке бұзу туралы куәлік (анықтама) беріледі, одан кейін міндетті түрде жеке басты куәландыратын құжатты ауыстыру қажет.
Тіркеу туралы бастапқы акт жазбасы, сондай-ақ жеткілікті негіздер болған кезде және мүдделі тұлғалар арасында дау болмаған кезде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуді тіркеуші орган жүргізеді. Мүдделі адамдардың арасында дау болған кезде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу мәселелері медиация тәртібімен немесе сот тәртібімен шешіледі.