ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ — ЕҢСЕЛІ ІС: АҚСАЙДА МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ — ЕҢСЕЛІ ІС: АҚСАЙДА МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

8 ақпан күні аудандық тарихи-өлкетану музейінде елге еңбегі сіңген мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты, Бөрлі ауданының құрметті азаматы Ғұмар Ісләмұлы Дүйсембаевпен кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты — өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның еңбегін ұлықтау және жас ұрпаққа үлгі ету. Жиынға Бөрлі ауданы әкімінің м.а. А.Тоқжанов, аудандық мәслихат төрағасы Қ.Ермекбаев, облыстық мәслихат депутаты А. Агаев, Ақсай қаласының әкімі А.Баяндыков, аудандық ақсақалдар кеңесі мен қоғамдық кеңес төрағалары және мемлекет қайраткерінің үзеңгілес әріптестері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Ғұмар Ісләмұлына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан айрықша үлесі үшін Бөрлі ауданының 90 жылдығына арналған мерейтойлық медалі салтанатты түрде табыс етілді.

Өз сөзінде Ғұмар Ісләмұлы «Туған жерге қызмет ету — әрбір азаматтың қасиетті борышы. Бөрлі жері мен үшін әрқашан ыстық», — деп атап өтті.
Кездесудің ең маңызды сәті — Ғұмар Ісләмұлының өз тұтынуында болған құнды заттары мен тарихи маңызы бар жеке жәдігерлерін аудандық музей қорына өткізуі болды. Бұл жәдігерлер енді музей экспозициясынан орын алып, аудан тарихының жарқын беттері ретінде сақталмақ.
Кездесу барысында қатысушылар мемлекет қайраткерінің еңбек жолындағы қызықты сәттері мен ел басқару ісіндегі тәжірибесі туралы естеліктер тыңдап, өзара пікір алмасты. Шара соңында келген қонақтар ақ тілектерін білдіріп, естелік суретке түсті.