
«Egemen Qazaqstan» газетінде Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың «Сот жүйесі үшін кадрларды даярлау басымдықтары» атты мақаласы жарық көрді.
Мақалада цифрлық трансформация мен құқықтық реформалар жағдайында судьяларды даярлаудың заманауи тәсілдері қарастырылған. Ерекше назар Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының жаңа буын судьяларын қалыптастырудағы рөліне аударылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі тапсырмалары аясында Жоғары Сот Кеңесі мен Сот төрелігі академиясы оқу бағдарламаларын жаңарту және кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекет басшысы сот жүйесін цифрландыру тиімділікті арттырумен қатар, ашықтықты, азаматтардың сенімін және заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті.
Мақалада цифрлық трансформация кәсіби даярлықты цифрлық сауаттылықпен және этикалық стандарттармен ұштастыратын жаңа оқыту формаларын талап ететіні ерекше көрсетілген.
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы «цифрлық құқық» және «цифрлық этика» бағыттарына ерекше көңіл бөліп, оқу бағдарламаларын жүйелі түрде жетілдіруде. Бұл бағыттар оқу процесіне енгізіліп, болашақ судьялардың заманауи талаптарға сай жаңа құзыреттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқыту барысында сот процестерін модельдеу, тәжірибелік сабақтар, кейстер, пікірсайыстар, бинарлық дәрістер кеңінен қолданылады. «Судьяларды судьялар оқытады» қағидаты теория мен практиканы ұштастырып, сот буындарының сабақтастығын қамтамасыз етеді.
Академия ғылыми бағытты да күшейтті: ғылыми-педагогикалық магистратура ашылды, докторантураға қабылдау басталды. Сонымен қатар «Сот төрелігі академиясының хабаршысы» Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ғылыми басылымдар тізіміне енгізілді. Журнал беттерінде сот жүйесі мен құқықтық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған зерттеулер жарияланады.
Жоғары Сот Кеңесі судьяларды іріктеу процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ете отырып, кәсіби, адал және тәуелсіз кадр корпусын қалыптастыруда. Бұл қоғамның сенімін нығайтып, тиімді құқықтық мемлекеттің құрылуына ықпал етеді.