Меню

Страницы

Статья

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ТУРАЛЫ 2020 жылдың ҰЛТТЫҚ БАЯНДАМАСЫ

МАЗМҰНЫ

 

Кіріспе ……………………………………...…………………………………

3

Негізгі бөлім ………………………………...…………………………….….

4

1. Қылмыстық-құқықтық статистика …………………………………….

4

2. Сыбайлас жемқорлықты түйсіну ………………………………………

5

3. Заңнамалық новеллалар ………….......………………………………...

6

4. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері
жөніндегі комиссияның қызметі ………………………………………

 

 

8

5. Мемлекеттік қызмет саласындағы
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ….….….….….….….….…...

 

9

6. Қоғамдық бақылау институтын енгізу …………...............…………...

11

7. Квазимемлекеттік және жеке сектордағы
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ……………………………...

 

14

8. Соттарда, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік
органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу .............................

 

15

9. Қоғамда парасаттылық жүйесін және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру …………...

 

17

10. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг …………………....………………..

 

20

11. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру
жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау …………………………...

 

21

12. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дамуы …………..........….

22

13. Халықаралық ынтымақтастық …………………………………….….

23

Қорытынды …....……………………………………………………………...

24

Тапсырмалар тізімі ……………………………...……………………………

27

Қысқартулар тізімі …………………..……………………………………….

28

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Осы баяндама «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және жариялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №154 Жарлығын орындау үшін әзірленді.

Қоғамды 2020 жылы Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру нәтижелері туралы хабардар ету құжаттың мақсаты болып табылады.

Уәкілетті органның, басқа да мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимылдағы үлесі жарияланды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғаммен әріптестік, жауапкершіліктің болмай қалмайтындығы жөнінде қабылданған заңнамалық және тәжірибелік шаралар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының ережелерін, Еуропа Кеңесінің ГРЕКО басшылық қағидаттарын және ЭЫДҰ ұсынымдарын ескере отырып, одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар берілді.

COVID-19 пандемиясы кезінде және дағдарысқа қарсы қаражатты игеру кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу туралы ақпаратқа бөлек назар аударылды.

Сондай-ақ, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты түйсіну деңгейін тәуелсіз бағалау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық қорытындылары көрініс тапты.

Құжат оқырмандардың кең ауқымы – мемлекеттік қызметшілерге, тәуелсіз сарапшыларға, рейтингтік агенттіктерге, қоғам қайраткерлеріне, ғалымдарға және басқа да мүдделі тұлғаларға арналған.

 

 

 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

 

  1. Қылмыстық-құқықтық статистика

 

Жүйелі алдын алу жұмысының нәтижесінде, құқық қорғау органдары тіркеген сыбайлас жемқорлық фактілерінің саны 2,4%-ға, 2017 жылмен салыстырғанда – 10,6%-ға төмендеді.

 

1-диаграмма. Сыбайлас жемқорлық қылмыстың динамикасы

 

 

 

1-кесте. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл субъектілері бойынша бөлу

 

Субъект

2019

2020

Динамика

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

1717

1632

-5%

Ішкі істер министрлігі

269

342

+27%

Ұлттық қауіпсіздік комитеті

128

89

-30%

Прокуратура органдары

65

78

+20%

Экономикалық тергеу қызметі

21

21

0%

 

 

2-кесте. Ең көп таралған сыбайлас жемқорлық қылмыстар

 

Қылмыстың түрі

2019

2020

Динамика

Пара алу

649

568

-12,5%

Пара беру

440

624

+41,8%

Алаяқтық

327

316

-3,3%

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету

243

268

+10,3%

Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану

283

193

-31,8%

 

2020 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 1021 адам сотталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тіркеген сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 722 адам сотталды, олардың арасында 144 басшы
(оның ішінде 1 облыс әкімі, 4 облыс әкімдерінің орынбасарлары, министрліктің 2 жауапты хатшысы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудандық және қалалық әкім).
25 аса ауыр және 1368 ауыр қылмыстың, 112 жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолы кесілді.

Агенттік 50,7 млрд. теңгені өтеді (белгіленген залалдың 60,1 млрд. теңгесінен),  бұл 2019 жылдың көрсеткішінен екі есе жоғары (22,7 млрд. теңге). Пара алу және жымқыру фактілері бойынша еселік айыппұл сомасы 2,8 млрд. теңгені құрады. Келтірілген залалды қамтамасыз ету үшін, күдіктілердің мүлкіне 1,2 млрд. теңге сомасында тыйым салынды.

Алдыналу-профилактикалық және қылмыстық-құқықтық бағыттар бойынша Агенттік жұмысының жиынтық экономикалық тиімділігі 2020 жылы 95,6 млрд. теңгені құрағанын ерекше атап өту керек.

 

  1. Сыбайлас жемқорлықты түйсіну

 

Ел басшылығының саяси ерік-жігерінің, демократияландыру призмасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі және кешенді шаралар, сондай-ақ азаматтық қоғамның белсенді тартылуы арқылы саяси жаңғыртуға бағытталған дәйекті бағыттың нәтижесінде Қазақстан 2020 жылы Transparency International-дың сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде алғаш рет 38 балл жинады, бұл 19 позицияға жоғары көтерілуге және 180 елдің арасында 94-орынды иеленуге мүмкіндік берді.

 

2-диаграмма. Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі

 

 

Осылайша, соңғы екі жылың ішінде Қазақстан 7 балл жинады, бұл алдыңғы 7 жылдың нәтижесінен 2 есеге артық (2012-2018 жж. – оған қоса 3 балл).

Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде (орташа көрсеткіш – 36 балл) 19 ел бағаланды. Көшбасшылар болып табылды: Грузия – 56 балл, Армения – 49 балл, Беларусь – 47 балл, Черногория – 45 балл, Түркия – 40 балл, Қазақстан мен Сербия – 38 баллдан.

Дүниежүзілік банктің деректері бойынша «Сыбайлас жемқорлықты бақылау» индикаторы бойынша Қазақстан соңғы үш жылда процентильдік дәрежені 2 еседен астам – 19,7%-дан 43,8%-ға дейін жақсартты.


3-диаграмма. Дүниежүзілік банктің процентильдік дәрежесі

 

Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры Қазақстандағы БҰҰДБ-ның қаржылық қолдауымен жүргізген «2020 жылғы Сыбайлас жемқорлықтың жағдайына мониторинг» әлеуметтік зерттеуі (7 200 респондент) нәтижелері бойынша қазақстандықтардың 60%-дан астамы сыбайлас жемқорлықпен күресуге дайын екендіктерін білдірді, кәсіпкерлердің 80,8%-ы пара бермей және тек қана құқықтық алаңда жұмыс істей отырып, елде бизнеспен айналысуға әбден болады деп санайды (2019 жылы – 76%). Халыққа жүргізілген сұрастыру нәтижелері мемлекеттік органдарға жүгінген кезде сыбайлас жемқорлыққа тап болған адамдардың үлесі 2,1%-ға төмендеп, 11,3%-ды құрағанын көрсетті.

Бейресми жағдайлар жиі орын алатын 20 мекеменің ішінде азаматтар: мемлекеттік емханалар мен ауруханаларды, полицияны, жер қатынастары басқармаларын, ХҚКО-ларды, мемлекеттік балабақшаларды, мемлекеттік ЖОО-ларды атады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне азаматтардың
63%-ы және бизнесмендердің 65%-ы сенеді.

2020 жылы Ұлттық статистика бюросы жүргізген әлеуметтік зерттеу респонденттердің 89,2%-ының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенім білдіретіндігін көрсетті.

Агенттіктің тапсырысы бойынша «MLGroup» ЖШС жүргізген зерттеудің (7 000 респондент) қорытындысы бойынша респонденттердің
64,2%-ы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге жеке үлесін қосуға дайын екендіктерін білдірді.

«Жастардың әлеуметтік және тұрақты даму қоры» ҚҚ-ның зерттеуі
(21 373 респондент) азаматтардың көпшілігі елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдайтынын көрсетті – респонденттердің 77,4%-ы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мүмкін деп санайды.

 

  1. Заңнамалық новеллалар

 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін, 2020 жылы заңнамалық бастамалардың екі топтамасы қабылданды.

Мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін шетелдік банктердегі шоттарды иеленуге тыйым салынды; құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілер мен парақорлыққа делдалдардың сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігі қатаңдатылды;
ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану алынып тасталды; сотталғандарды жазасын өтеу үшін дереу қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге жіберуге тыйым енгізілді. [3, 121, 124, 125-т.; 7, 5, 7-т.]

Сондай-ақ мемлекеттік лауазымға кандидаттардың ұйымда жұмыс істейтін туыстары туралы хабардар ету міндеті көзделген; мемлекеттік қызметшілерге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған басқа тұлғаларға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне сыйлықтарға, материалдық сыйақыға, қызметтер көрсетуге толық тыйым белгіленді.
[1, 15-т.; 6, 12-т.]

Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік күшейтілді, ұлттық компанияларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс негіздері заңнамалық тұрғыдан бекітілді. [6, 12-т.]

Құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің қылмысты арандатқаны үшін қылмыстық жауаптылығын енгізу маңызды заңнамалық новелла болды [2, 21-т.; 4].

Қылмыстық кодекске құқық қорғау органдары қызметкерлері мен судьялардың кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргені және заңсыз араласқаны үшін жауапкершілігін күшейтетін түзетулер енгізілді.

Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын және Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін, әкімшілік әділет институтын, жариялы-құқықтық дауларды қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін енгізуге және қолдануға, сондай-ақ билік органдарының шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысуына кепілдік беруге бағытталған іргелі құқықтық акт – Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. [2, 14-т.; 4, 4.8-бастама]

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыру тұрғысынан Мемлекет басшысының саяси жаңғыртуға бағытталған реформаларын атап өту өзекті. Бейбіт жиналыстарды өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі енгізілді; бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту үшін негіздердің толық тізбесі айқындалды; бейбіт жиналыстар үшін мамандандырылған орындарды айқындау тәртібі көзделді; заңнамалық деңгейде алғаш рет парламенттік оппозиция ұғымы, оның мәртебесі мен кепілдіктері айқындалды; саяси партия құру үшін азаматтар саны екі есе қысқартылды; партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті отыз пайыз квота көзделді; жала жабу қылмыс деп танылмайтын болды.

 

 

 

  1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері
    жөніндегі комиссияның қызметі

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы басқаратын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) жұмыс жоспарына сәйкес 2020 жылы 5 отырыс өткізіліп, онда 9 мәселе қаралды:

1) Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру барысы және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаулар жүргізу қорытындылары бойынша енгізілген ұсынымдарды уәкілетті мемлекеттік органдардың орындау нәтижелері туралы;

2) cыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, білім беру мен тәрбиелеуді қалыптастыру туралы;

3) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды одан әрі жетілдіру, бақылау объектілері мониторингінің тиімді тетіктерін және бұзушылықтарды анықтаудың пәрменді өлшемшарттарын енгізу туралы;

4) мемлекеттік органдардың көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша қабылдап жатқан шараларының тиімділігі туралы;

5) Қазақстан Республикасында жер ресурстарын басқарудың, пайдаланудың және қорғаудың тиімділігі туралы;

6) азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың тиімділігі туралы;

7) квазимемлекеттік сектордың ірі инфрақұрылымдық компанияларының мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігі туралы;

8) Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы;

9) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы.

Бейне-конференция байланысы бойынша отырыстарға Комиссия мүшелері, мүдделі орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары қатысты.

Олардың нәтижелері бойынша уәкілетті органдар мен ұйымдарға нақты ұсынымдар берілді, олардың орындалуы Комиссияның жұмыс органы болып табылатын Қауіпсіздік Кеңесінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің бақылауында.

Тізбеленген мәселелерді қарау туралы тиісті ақпараттық хабарламалар орналастырылып, Мемлекет басшысына баяндалды.

 

 

  1. Мемлекеттік қызмет саласындағы
    сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін «Adaldyq alańy» жалпыұлттық жобасы шеңберінде сервистік модельге көшуді жандандыра отырып, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығын күшейту жөнінде шаралар кешені қабылданды. [4, 4.15-бастама; 6, 12-т.; 7, 4, 5-т.]

2020 жылдың қорытындысы бойынша 317 сервистік әкімдік (аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларды толық қамтиды), 2,3 мыңнан астам фронт-офис және open space (орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері деңгейінде), 2 мыңға жуық өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы (ауылдық әкімдіктерде) ашылды, 5 мыңға жуық басшы мемлекеттік мекемелер ғимараттарының бірінші қабаттарына орналастырылды.

Қоғаммен транспарантты өзара іс-қимыл жасау үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның жанындағы 18 «Антикор орталығы» сервистік орталығы еліміз бойынша ашылды.

Мемлекеттік органдар жұмысының сервистік моделін үдемелі енгізу баламаның болмауына байланысты өз мәселелерін заңсыз шешуге келісетін азаматтардың санын 2 есеге азайтуға мүмкіндік берді.

Осылайша, Transparency International Kazakhstan қоғамдық қорының зерттеуіне сәйкес, сыбайлас жемқорлық мәмілесіне «басқа жол болмағандықтан» келісуді атап өту үлесі 2020 жылы 16,1%-дан 8,2%-ға дейін төмендеді.

«Adaldyq alańy» жобаның белсенді жәрдем көрсетуі кезінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру деңгейі 90% халықаралық стандарт 2020 жылы 93%-ға жетті. [4, 4.15-бастама; 6, 7, 12-т.]

БҰҰДБ-ның қолдауымен Қазақстанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген сұрастыру нәтижелері бойынша (9181 респондент) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттанушылық деңгейі 75,1%-ды құрады.

ЦДИАӨМ халық арасында ең танымал мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруды жүйелі негізде жүргізуде; ІІМ-мен бірге автомобильді қайта ресімдеу процесі айтарлықтай жеңілдетілді – kaspi.kz мобильді қосымша арқылы ақша аударылғаннан кейін, иесінің өзгеруі автоматты түрде жүзеге асырылады, мамандандырылған ХҚКО-да тек жүргізуші куәліктерін беру ғана қалады.

Сондай-ақ, жер учаскелерін беру процесі (әкімдіктердің геопорталдарын, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын және электрондық сауда алаңын интеграциялау арқылы) бойынша цифрландыру және қысқарту (12 айдан
20 күнге дейін)
жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды.

Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі шеңберінде 2020 жылы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және ішкі істер органдарында, сондай-ақ төтенше жағдайлар саласында 466 заңсыз тексеріс анықталды.

2020 жылы «Сатып алудың бірыңғай терезесі» талдау жүйесін пайдалана отырып, сатып алудың баға комплаенсі шеңберінде Агенттік пен «Атамекен» ҰКП-ның коллаборациясы күшейтілді. [1, 64, 66-т.; 3, 17-т.]

Бұл жүйе нақты уақыт режимінде сатып алу туралы лоттарды жоспарлау сатысында олардың көлемі мен сатып алу бағасының негізділігі тұрғысынан талдауға мүмкіндік береді. [4, 4.17-бастама]

Нәтижесінде, 22,8 млрд. теңге сомасындағы бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың жолы кесілді.

Бұдан басқа, Білім және ғылым министрлігінің бастамасы бойынша Агенттік «Adaldyq alańy» өңірлік жобалық кеңселерімен, арнайы мониторингтік топтармен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды қашықтан оқытуға арналған
70 млрд теңге сомасына компьютерлер, ноутбуктер мен планшеттерді сатып алуын сүйемелдеді. Нәтижесінде 3,6 млрд. теңге үнемделді.

Баға комплаенсі бойынша бірлескен күш-жігердің арқасында Агенттік анықтаған мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны олардың көлемі айтарлықтай артқан кезінде, (2018 жылы –
3,9 трлн теңге, 2020 жылы – 6,6 трлн теңге)
соңғы 3 жылда 23%-ға төмендеді
(2018 жылы – 369, 2020 жылы – 283).

Бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін мемлекеттік органдар басшыларының отставкаға кетуі және тәртіптік жауапкершілігі туралы нормалар толық күшіне енді. [1, 15-т.; 2, 19-т.; 6, 12-т.]

6 саяси қызметші қызметінен босатылды, тәртіптік жауапкершілікке
9 саяси, басшылық деңгейдегі 39 әкімшілік қызметші тартылды (12-сі – лауазымынан айырылды).

Агенттік басшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша белсенді шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдар мен ұйымдарға мониторингті жалғастыруда [7, 14-т.]. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Мемлекет басшысының атына берілетін жылдық есебіне сәйкес олардың ішінде, ішкі істер, ауыл шаруашылығы және қаржы министрліктері (мемлекеттік кірістер органдары бөлігінде) бар, бұл Transparency Kazakhstan зерттеу нәтижелерімен және қылмыстық-тергеу тәжірибесімен расталады.

Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенділікті бағалау жүйесін стандарттау мақсатында Бас прокуратура Агенттікпен бірлесіп, тиісті әдістемемен мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа ұшырауын бағалау жүйесі әзірленіп, тиісті әдістеме сынап-байқалды. [7, 13-т.]

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тиімділігі үшін жауапкершілігін арттыру мақсатында, Көрсеткіштердің базалық тізбесі «сыбайлас жемқорлық деңгейі» нысаналы индикаторымен толықтырылды. [6, 12-т.]

Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын одан әрі азайту мақсатында, мемлекеттік қызметшілердің штат санының лимиттерін 25%-ға қысқарту және
2021 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік органдарда факторлық-баллдық шкала негізінде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. [3, 6, 8-т.]

 

  1. Қоғамдық бақылау институтын енгізу

 

Шетелдік озық тәжірибе көрсетіп отырғандай, азаматтар тарапынан жасалатын тиімді бақылау парасатты қоғам құрудың кепілі болып табылады.

Сондықтан Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимылдың барлық саласында қоғамдық бақылауды күшейтуді
тапсырды. [7, 4.3-т.]

Қоғамдық бақылауды енгізу процесінде саяси партиялар басты рөл атқарады. Мысалға, «Nur Otan» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимылға, парасатты қоғам қалыптастыруға, мемлекеттің транспаренттілігі мен есептілігіне ерекше көңіл бөледі.

Бұл мәселелер «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!»
2025 жылға дейін Сайлауалды бағдарламасында бекітіліп, Партияның
2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Алғаш рет партияның республикалық сайлауалды бағдарламасы
216 өңірлік бағдарламада нақтыланған, бұл қойылған міндеттерді елдің кез келген жерінде, барлық деңгейлерде тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларды масштабтау және іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, олардың басты факторлары азаматтық қоғам өкілдері болып табылады.

Осылайша, «Adaldyq alańy» республикалық жобасының өкілдіктері барлық әкімдіктер мен министрліктерде (ішкі істер министрлігін қоспағанда) ашылды. [6, 12-т.]

«Adaldyq alańy» жобалық кеңселерінің 17 өңірлік басшысын облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің штаттан тыс кеңесшілері болып тағайындалды. Осыған ұқсас тәсіл орталық мемлекеттік органдармен пысықталуда.

Білім саласында «Adal bilim» жобасы шеңберінде жоғары оқу орындарының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы, жоғары оқу орнының сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудитін жүргізудің үлгілік алгоритмі, сондай-ақ ғылымды басқару жүйесін реформалау тұжырымдамасы (тиімсіз ғылыми-зерттеу институттарын жою, ғылымды дамытудың негізгі тәсілі ретінде гранттық қаржыландыру жүйесінен бас тарту және т.б.) әзірленді.

«Adal bilim» жобалық кеңсесінің бастамасы бойынша ғылыми стипендиялар мен сыйлықтар беруге арналған конкурс тоқтатылды және үміткерлерге баллдар берудің ашықтығы бөлігінде конкурс өлшемшарттарына түзетулер енгізілгеннен кейін ғана жаңартылды.

«Адал жол» жобасы шеңберінде темір жол жолаушылар және жүк тасымалы саласында («Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту жалғасуда.

www.bilet.railways.kz сайтын жаңғырту және мобильді қосымшаны құру жолымен электрондық билеттерге толықтай көшуі (оның ішінде мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін) қамтамасыз етілді. [3, 135-т.] Қағаз билеттерден бас тарту салдарынан үнемдеу жыл сайын, шамамен, 1,5 млрд. теңгені құрады.

Ұлыбритания, Гонконг, Қытай, Малайзия, Сингапур тәжірибесі бойынша жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру үшін, Digital ID технологияларын апробациялау басталды. [3, 135-т].

Осымен қатар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның барлық еншілес ұйымдарында және олардың филиалдарында персоналды іріктеу кезінде айқындық қамтамасыз етілген (өңірлік конкурстық комиссиялардың отырыстарын дыбыс жазу және бейне-тіркеу; кандидаттарды сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылықтар жасауға тексеру; конкурстың ашықтығы тұрғысынан жасырын сұрау).

Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен бірлесіп іске асырылып жатқан «Сапалы жол» жобасының нәтижесі 20,8 млрд. теңге сомасындағы бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болдырмау болды. Кемшіліктер мердігерлердің өз қаражаты есебінен жойылады. [6, 9 т.]

Агенттік «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «Protecting Business and Investments» жобасын іске асыруды жалғастыруда. 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен жалпы құны 16,2 трлн. теңге болатын
635 бизнес-жоба болды, шенеуніктердің заңсыз араласуынан 350-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Ашық бюджеттердің интерактивті картасы (www.publicbudget.kz) мемлекеттік органдардың есептілігін күшейтудің тиімді құралы болды, онда әлеуметтік маңызды объектілерге бөлінген бюджет қаражаты туралы азаматтарға түсінікті мәліметтер қолжетімді. [4, 4.21-бастама; 6, 12-т.; 7, 4-т.]

18 мыңға жуық мемлекеттік ұйымдар мен мекемелер жалпы сомасы
14 трлн. теңгеден асатын деректерді орналастырды, олардың 69%-ы –
2020 жылы (9,6 трлн. теңге).

Азаматтардың хабардар болуын және бюджет процесіне тартылуын арттыру мақсатында, Агенттік «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығымен, Нидерланд Корольдігінің Елшілігімен және Парламентаризмді дамыту қорымен бірлесіп, «Ашық бюджет» жобасына бастамашылық жасады.

Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында азаматтардың онлайн-дауыс беру арқылы таңдалған ұсыныстары негізінде аумақтарды дамытуға және абаттандыруға бағытталған «Қатысу бюджеті» пилоттық жобасы іске қосылды. [1, 46-т.]

Демократиялық институттарды дамыту шеңберінде АМТ төрағасы А.С. Соловьева Қазақстан Республикасы Парламентінің және мәслихаттарының төменгі палатасы депутаттарын сайлау күні жарияланғаннан кейін Қазақстанның Азаматтық Альянсы, кәсіподақтар, «Жастарға жол» қоғамдық қоры және басқа да көптеген үкіметтік емес ұйымдар қосылған сайлауда әділ және адал байқау туралы хартияны жария түрде ұсынды.

Бұл адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісі, ЕҚЫҰ қағидаттары, Демократиялық сайлау стандарттары туралы конвенция, Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде жасалған бақылаушының әдеп кодексі.

Қоғамдық коалицияға бүкіл елден 10 мың тәуелсіз бақылаушы кірді, олар 2021 жылғы 10 қаңтарда бүкіл сайлау процесін қадағалады. Сайлау заңнамасын бұзушылық анықталған жоқ.

АМТ басшысы демократиялық институттардың дамуына белсенді жәрдемдесу тұрақты негізде жалғасатынын атап өтті.

2020 жылғы ең маңызды заңнамалық новеллалардың бірі нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама институтын қалпына келтіру болды.

Арнайы мониторинг тобы оны сапалы іске асыру мақсатында, еліміздің барлық өңірінде сарапшылар құрамына 1024 үміткер үшін 23 оқыту семинарын ұйымдастырды.

Толық емес жыл ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамаға 3571 жоба келіп түсті, оның ішінде 2541-і бойынша қорытынды дайындалды (www.expertize.kz).

Іріктелген 125 тәуелсіз сарапшы 7 564 сыбайлас жемқорлық факторын анықтады, олардың 32%-ы дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігінде, 22%-ы нормалардың анық емес тұжырымында көрінеді, бұл құқықтық жобаларды әзірлеуші органдардың нашар пысықталғанын көрсетеді.

Пандемия кезінде азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мониторинг жүргізу мақсатында, «Мен – алматылықпын» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Константин Авершин мен ерікті Саида Таукелеваның бастамасы бойынша «Қоғамдық бақылау» жобасы құрылды, оған Ұлттық еріктілер желісінің жетекшісі Вера Ким және Lider KZ
іздеуші еріктілер бірлестігі қосылды.

Дәріханаларға мониторинг жүргізуден бастап, аталған волонтерлік жоба Денсаулық сақтау министрлігінің, АҚДМ, Агенттіктің, әкімдіктердің қолдауымен ауруханаларға, қоймаларға, мектептерге және соңғы тұтынушыға гуманитарлық көмек көрсету процесіне таралды.

Бүгінгі таңда қоғамдық бақылауға бүкіл республика бойынша 400-ге жуық волонтер кіреді, олар 2020 жылы 5 мыңнан астам мониторингтік
іс-шараларды жүргізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі МСЖҚКТ ұсынымдарын орындау үшін, Агенттік «Adaldyq alańy» жобасымен және арнайы мониторингтік топ мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста еліміздің барлық өңірінде 8720 дәріхананы, 432 қойманы, 486 аурухана мен емхананы қамти отырып, 1500 мониторингтік іс-шараны жүзеге асырды.
296 бұзушылықтың жолы кесілді (221 – дәрі-дәрмектің бағасын көтеру,
12 – маскаларды заңсыз сату, 4 – лицензияның болмауы және басқасы).

Коронавирус пандемиясына байланысты 100 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді (42 – теріс пайдалану және дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру). Мысалға, 2 млрд. теңгеден астам сомаға жоғары бағамен 132 өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алу фактілері анықталды.

Нақты профилактикалық шаралар қабылданды. Еліміздің барлық дәріханаларында дәрі-дәрмектердің шекті құны және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның «жедел» желілерінің нөмірі туралы ақпарат орналастырылған.

Еріктілердің теңдессіз ұйымдасуының және мемлекеттік органдардың жедел реакциясының арқасында дағдарыс процестерін қысқа мерзімде тоқтатып, мұқтаж азаматтарға дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізуді қалыпқа келтіруге мүмкіндік берілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі қоғамдық бақылауды кеңейту жөніндегі бастама ретінде қоғам өкілдері Агенттіктің
консультативтік-кеңесші органдарының
жұмысына енгізілді және тәртіптік, этикалық тәжірибе, мемлекеттік сатып алу рәсімдері, сондай-ақ тұтастай алғанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру мәселелерін қарауға, оның ішінде Агенттіктің апта сайынғы аппараттық мәжілістеріне тікелей қатысады.

Елдік ауқымда заңнамаға қоғамдық кеңестерді квазимемлекеттік секторда құру жолымен олардың әлеуетін арттыратын маңызды түзетулер енгізілді [3, 118-т.], оларға қарау үшін НҚА жобаларын алқалы түрде іріктеу және сатып алу комиссияларының жұмысына қатысу құқығы берілді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, АҚДМ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ашықтығы мен қоғам алдындағы есептілігін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасын әзірледі. [3, 117-т.]

 

  1. Квазимемлекеттік және жекеше сектордағы
    сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс туралы жаңа заңнамалық нормаларды орындау мақсатында, Агенттік басқа да мүдделі тұлғалармен (KPMG компаниясы, «Kaz Bar» заң консультанттары палатасы, құқықтық саясатты зерттеу орталығы, ұлттық компаниялар, Израиль, Ресей, АҚШ, Өзбекстан және Украина сарапшылары) бірлесіп, Қазақстанда осы институтты дамыту бойынша одан әрі бірлескен қадамдар (комплаенс-бақылауды стандарттау және цифрландыру, әдіснаманы әзірлеу және т.б.) талқыланған халықаралық онлайн-форум ұйымдастырды. Осы ынтымақтастықтың нәтижесі тиісті әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу болды.

Мемлекеттік органдармен ұқсастық бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінде «Adaldyq alańy» жобалық кеңселерін құру басталды.
2020 жылы олар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «СҚ Фармация» ЖШС
және жол активтері сапасының ұлттық орталығында пайда болды.

Мемлекеттік қызметшілермен қатар бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары да дербес жауапты болады. [1, 15-т.; 2, 19-т.; 6, 12-т.] 2020 жылы квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың әлеуетті субъектілерінің ауқымы кеңейтілді. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қолданылатын тұлғаларға сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті не мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеуге және іске асыруға жауапты тұлғалар (дербес құрылымдық бөлімше басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын) жатады.

Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектісінде мемлекеттің кез келген қатысу үлесі бар басқарушылық функцияларды орындайтын адамдар сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызылған (бұған дейін оларға қатысу үлесі 50% және одан жоғары компаниялар ғана жатқызылған).

Сатып алу бағаларын мониторингілеу шеңберінде Сатып алудың бірыңғай терезесінде квазимемлекеттік сектордың ірі субъектілерінің («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» АҚ және «Қазагро» АҚ, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ; «QazExpoCongress» АҚ; «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ; «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ;
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ)
деректері орналастырылған. Ұлттық компанияларды баға комплаенсы жүйесіне қосу жұмыстары жалғасуда.

Осы шараларға қосымша, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құрудың міндеттілігі туралы жаңа нормалар ұлттық компаниялардың транспаренттілігіне және олардың қоғамға есеп беруіне ықпал ететін болады.

 

  1. Соттарда, құқық қорғау және арнаулы
    мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

 

2020 жылғы тиімді шаралардың бірі құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға сыбайлас жемқорлық үшін жазаны қатаңдату болды.

Осылайша, бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін, санкциялар мен құқықтық салдарлар күшейтілді (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361, 364, 365, 366, 369 және 370-баптары).

Мысалға, енді параның болмашы мөлшерін (50 айлық есептік көрсеткішке дейін, ҚК-нің 366-бабы) алу ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс болып саналады (бұрынғыдай ауырлығы орташа емес), бұл 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары санкцияға (бұрын – 5 жыл) және судьялар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін басқа да салдарларға әкеп соғады
(олар мерзімінен бұрын шартты түрде босату, сондай-ақ ең төменгі қауіпсіздік колонияларында жазасын дереу өтеу мүмкіндігінен айырылады).

Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған жағдайда (ҚК 361-б.) полиция қызметкері, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет немесе экономикалық тергеу қызметі қызметкері үшін 4 жылға дейін
(бұрын – 2 жылға дейін) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Осы қылмысты құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, олардың орынбасарлары, судьялар жасаған кезде жаза мерзімі бас бостандығынан айыру 7 жылға дейін ұзартылды (бұрын – 5 жылға дейін).

Сонымен қатар, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қылмысты арандатқаны үшін қылмыстық жауаптылығы олардың кәсібилігін арттыруға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлық себептерін барынша азайту мақсатында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің еңбекақысын жүйелендіру және арттыру бойынша шаралар қабылданды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін,
ІІМ-нің реформасы жүргізілуде (ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде): штаттық құрылым оңтайландырылды (106-дан артық басқару буыны және шамамен 1,5 мың басшы лауазым қысқартылды); ішкі істер органдарының саны 11%-ға қысқартылды; ведомстволық оқу орындарының саны азайды (12-ден 5-ке дейін).

ІІМ-ді бейінді емес функциялардан босату (объектілерді күзету; көші-қон; сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету және т.б.) жөніндегі мәселелерді ведомствоаралық пысықтау жалғасуда. [3, 108-т.] Азаматтық қорғау саласындағы функциялар жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді.

Өзіне тән емес міндеттерден босату маңызды құқық қорғау функцияларына, оның ішінде полицияның сервистік моделін енгізу арқылы шоғырлануға мүмкіндік береді, нәтижесінде заңға бағынатын азаматтардың мүдделері болады.

ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша негізгі үш бағыт айқындалды: ықтимал қатерлерді уақтылы жою; полицияның қадамдық қолжетімділігі және цифрлық технологияларды дамыту; қоғаммен тығыз әріптестік.

Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын одан әрі жою мақсатында, Жоғарғы Сот істерді автоматтандырылған бөлу алгоритмінде айла-шарғы жасау мүмкіндігін жойды. [1, 7-т.]

Сондай-ақ, «татуластырушы судья» тұлғасы енгізілді, бұл соттарға жүктемені үш есеге азайтты (күніне 20 мыңнан 6 мыңға дейін), істердің
40%-ы татуласумен аяқталады, тараптар судьяларды сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерінен айыра отырып, дауды өздері шешеді. [1, 5-т.]

Пандемияға байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін, Қазақстандағы сот процестері жедел түрде онлайн режимге ауыстырылды
(85 сервер орнатылды және 120 террабайт жад сатып алынды).

Сот жүйесін цифрландыру өзінің тиімділігін көрсетіп, 20 елдің азаматтарына, соның ішінде инвесторларға қашықтан үдерістерге қатысуға мүмкіндік берді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін одан әрі азайту мақсатында, Мемлекет басшысы Агенттіктің жедел-тергеу құрамының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін белгілеу жөніндегі бастамасын қолдады.

Агенттік жеке құрам тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау, сондай-ақ кінәлі адамдарды заңнамада белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша қажетті іс-шаралар кешенін тұрақты негізде жүргізеді.

 

  1. Қоғамда парасаттылық жүйесін және сыбайлас
    жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру

 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін, қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған мақсатты идеологиялық жұмыс қамтамасыз етілді. [6, 6-т.; 7, 5-т.]

Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қоғаммен сындарлы диалог құру мақсатында, Агенттік халықтың өзекті мәселелерін шешуде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды кеңінен жалғастыруда. [2, 4-т.]

Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа 100 мыңға жуық қоғамдық еріктілер кіреді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және парасаттылық жүйесін қалыптастыруда үкіметтік емес сектор маңызды рөл атқарады.

Осылайша, бүкіл ел бойынша филиалдарының тармақталған желісі бар «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі азаматтарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін түсіндіру бойынша іс-шараларды тұрақты негізде өткізеді, азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады және өзінің мобильдік топтары арқылы халыққа мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылауды жүзеге асырады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы медиа-орталық мемлекеттік органдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер тізбегін елдің ақпараттық кеңістігінде кәсіби деңгейде таратуды қамтамасыз етеді.

Қазақстанның Азаматтық альянсы республикалық аса ірі бірлестіктердің бірі (500-ден астам коммерциялық емес ұйым) бола отырып, үкіметтік емес сектордың дамуына және тиімділігін арттыруға, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған мақсатты идеологиялық жұмыстар арқылы белсенді түрде жәрдемдеседі.

Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға адам құқықтарын қорғауға, демократияны дамытуға жәрдемдесу және мемлекетті басқаруға қатысу арқылы, оның ішінде бюджет процесіне қоғамдық бақылауды енгізу арқылы қатысады.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің, ұлттық және шетелдік инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін жан-жақты қорғауды, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою арқылы қамтамасыз етеді.

Жас заңгерлер палатасы жастарды құқықтық мемлекетті дамытуға және халықтың құқықтық санасын арттыруға тарту арқылы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жәрдемдеседі.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілетуге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған.

Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институтында құрылған «Жақсылық акселераторы: Ізгілік елшісі» жобасының миссиясы халық арасында парасаттылықты дәріптеу, азаматтардың әлеуметтік осал топтарына тегін заң көмегін көрсету және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.

Қоғамдастықтың белсенді қатысуының арқасында, қоғамда сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың оң серпіні байқалады.

Осылайша, «2020 жылғы сыбайлас жемқорлық жай-күйіне жүргізілген мониторинг» (Transparency International Kazakhstan қоғамдық қоры Қазақстандағы БҰҰДБ-ның қаржылық қолдауымен жүргізді) зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес, сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны 2020 жылы өскен деп санайтындардың үлесі 2019 жылға қарағанда айтарлықтай төмен (23,9%-ға қарсы 15,4%).

Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға республикалық деңгейде қатысуын қамтамасыз ету мақсатында, Агенттік АМТ-мен, қоғамдық кеңеспен өнімді өзара іс-қимылды жалғастыруда.

Осымен қатар ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын ескере отырып, Агенттік жанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ардагерлер кеңесі құрылды, ол тәрбие жұмысына және жас қызметкерлерге оң тәжірибе беруге белсенді қатысады.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әлемдік озық тәжірибелерін енгізу үшін, Агенттік жанында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының жүзден астам қазақстандық жас ғалымдарын біріктіретін Ғылыми сарапшылар кеңесі құрылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру процесінде, білім беру саласында парасаттылық қағидаттарын ілгерілетуге ерекше назар аударылады.

Республика бойынша 4,5 мыңнан астам «Adal Urpaq» ерікті мектеп клубтары және адалдық пен әділдік құндылықтарын бойына сіңірген 750-ге жуық «Sanaly Urpaq» студенттік клубтары жұмыс істейді (350 кездесу,
150 дөңгелек үстел, 130 форумдар мен слеттер 90 акция).

Оқушыларды рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу тұрғысынан, Агенттік пен «Жас Ұлан» бірыңғай
балалар-жасөспірімдер ұйымы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Пандемия жағдайында «парасаттылық сағаты» шеңберінде оқушылармен және студенттермен кездесулер қашықтағы форматқа ауыстырылды (6603 мектеп, 704 колледж және 85 университет оқушылары арасында 11 онлайн-дәріс).

БҒМ-мен бірлесіп жоғары оқу орындарында мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу әдістемесі, сондай-ақ ашықтық және айқындық стандарты әзірленді, ал жоғары оқу орындарының комплаенс-қызметтері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің негізгі таратушылары болып айқындалды (гранттарды, жатақханалардағы орындарды ашық бөлу, мүдделер қақтығысын болғызбау және басқа да мәселелер).

Пандемия жағдайында халықпен ақпараттық-ағартушылық, тәрбие және консультациялық жұмыстарды кеңейту мақсатында, Агенттік бірқатар жаңа онлайн-жобаларға бастамашылық етті.

«Adal Kómek» волонтерлік жобасы шеңберінде 250 адвокат пен заңгер 7 мың онлайн-іс-шара өткізді (4,1 млн. азамат қамтылды) және азаматтардың
39 мың мәселесін шешті.

«Antikor Live» жобасымен және Агенттіктің ақпараттық-ағартушылық штабтарымен азаматтарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу бойынша
10,7 мың онлайн-іс-шара (5,5 млн-нан астам адам), оның ішінде «Antikor Terme» республикалық халық шығармашылығы фестивалі және еліміздің әр өңірінен келген 16 жас ақынның қатысуымен алғашқы Antikor-айтыс өткізілді.

«Antikor News» жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзекті контенттің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз етеді (Агенттіктің ресми аккаунттарындағы 690 жаңалық шығарылымы, 126 эксклюзивті жедел түсірілім, 647 брифинг, 800-ден астам спикер, оның ішінде 98 облыс әкімі).

Бүкіл ел бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта 3,5 мыңнан астам баннер орналастырылды, 1100-ден астам бейнероликтер дайындалды, 54 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мурал түсірілді, 17 млн-ға жуық тарату материалдары (түбіртектер, флаерлер, брошюралар мен парақшалар) таратылды.

Жыл сайынғы VIII «Қоғамдық мойындау – Адал тұлға 2020» сыйлығы шеңберінде «Ең үздік Ұлттық жоба» номинациясында «Adal bilim» және «Adal kómek» жобалары үздік ұлттық жобалар деп танылды.

Сонымен қатар, қоғамдық қатысу әлеуеті айтарлықтай жоғары. Transparency Kazakhstan ҚҚ «2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» зерттеуінің деректері бойынша қазақстандықтардың 60%-ы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдем көрсетуге дайын.

Қазақстандықтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің артуының тағы бір белгісі call-center-де «1424» қоңыраулар санының 10%-ға (2020 жылы – 28658 шағым, 2019 жылы – 25811) және 2017 жылмен салыстырғанда (20352) 29%-ға өсуі болып табылады.

ЭЫДҰ елдерінің көпшілігінің үлгісінде сыбайлас жемқорлықпен күресте жәрдем көрсеткені үшін, азаматтарды көтермелеудің тіркелген жүйесі сараланған жүйеге ауыстырылды – енді сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдар пара немесе залал сомасының 10%-ын алады (соттың айыптау үкімінен кейін). Сыйақының ең жоғары сомасы-қылмыстың ауырлығына байланысты 4 мың айлық есептік көрсеткіш (бұрын – 100 АЕК).
[6, 12-т.]

Ақпараттық-түсіндіру жұмысы шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығының мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және басқа да ұйымдардың еңбек ұжымдарымен кездесулері тәжірибеге алынған.

 

  1. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау
    және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг

 

2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 264 мониторинг жүргізілді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау шеңберінде 217 ұйымның қызметі зерделенді. [3, 116-т.]

Нәтижесінде 3,7 мың ұсыным енгізілді (70 НҚА-ға түзетулер енгізілді және 1 100 ұйымдастыру шаралары қабылданды). Енгізілген ұсыныстар бойынша
250 адам жұмыстан шығарылып, қызметінен босатылды.

Агенттіктің ұсынымдары бойынша «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидалары түбегейлі түрде қайта қаралды (барлық кандидаттар үшін тең мүмкіндіктер жасалды, барлық жеңілдікті квота санаттары жойылды, үміткерлердің құжаттарын қабылдау процесі толықтай автоматтандырылды, сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары кезеңдер – уәждемелік және ұсынымхаттарды бағалау, мемлекеттік және шет тілдерін білу деңгейін айқындау) және жыл сайын
1,3 млрд. теңге үнемделетін бизнес-процестер оңтайландырылды.

ЭГТРМ-ның Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде қоршаған ортаға залалды экономикалық бағалау әдісін (тікелей немесе жанама) таңдау мүмкіндігін беретін дискрециялық норма алынып тасталды.

Энергетика министрлігінде мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту тәжірибесі алынып тасталды (негіздердің толық тізбесі бекітілді).

Бұдан басқа, 2020 жылы Агенттік өткен кезеңдегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары бойынша енгізілген ұсынымдардың орындалуына мониторингті жүзеге асырды.

Осылайша, «СҚ-Фармация» ЖШС «қайта жүктеу» бағдарламасын іске қосты, стратегиялық маңызды бағыттар (логистика және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу; BIG PHARMA бағдарламасын дамыту; ашықтықты қамтамасыз ету; әкімшілік шығыстарды оңтайландыру және басқа да бағыттар) бойынша 10 жобалық топ құрылды. Тек бастапқы кезеңде 240 млн теңге сомасына әкімшілік шығыстар оңтайландырылды.

ҰЭМ-ның Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінде (2020 жылы ТЖМ-ге берілді) тәуекелдерді талдау қорытындылары бойынша мемлекеттік матрезервке жеткізілетін тамақ өнімдерінің сапасына зерттеу жүргізу халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ұйымдарға жүктелді (бұрын жымқыруға негіз болған стандартқа сәйкес келмейтін тауарлар резервке қойылды). Бақылауды автоматтандыру мақсатында, Жедел басқару орталығы құрылды (қоймаларда бейнебақылау орнатылды).

Басқа талдаулардың нәтижелері ұсынымдар орындалғаннан кейін,
2021 жылы қамтамасыз етілетін болады (қолданыстағы сыртқы талдау жүргізу қағидаларына сәйкес 6-ай ішінде).

 

  1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны
    іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау

 

2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында
(бұдан әрі - Жоспар) көзделген 28 іс-шарадан 27-сі орындалды. [5]

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуын бағалау кезінде Арнайы мониторингтік топ 2020 жылы іс-шаралардың тәжірибе жүзінде орындалуын талдау мақсатында, бірқатар сапарларды жүзеге асырды

АМТ белсенділері жүк көлігі жүргізушілерінің ұзақ кезекке шағымдарына байланысты, Қытай және Ресей шекарасындағы кеден қызметінің жұмысына мониторинг жүргізді. Шекарадан өтудің электрондық жүйесінің жұмысында кемшіліктер анықталды және оларды жою бойынша ұсыныстар берілді.

«Мінсіз сессия» акциясы шеңберінде колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу тестілерін тапсыру кезінде, сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеу процесінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Мониторингпен
130 мыңнан астам оқушы қамтылды, ҰБТ ережелерін бұзғаны үшін
1591 нәтиже жойылды, 1811 оқушы емтиханға жіберілмеді.

Сондай-ақ жолдарды, жатақханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды салу кезінде бюджет қаражатын тиімді жұмсау тұрғысынан рейдтер жүргізілді, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған тауарларды мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүзеге асырылды.

Жоспардың 50-тармағы орындалмаған (жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдық жағдайына мониторинг жүргізу, аяқталу нысаны – әлеуметтік зерттеу). Жауапты орындаушының (Білім және ғылым министрлігі) ақпараты бойынша, аталған іс-шараны орындау үшін бюджет қаражатының болмауы себеп болған. Бұл ретте бұл тармақ 2019 жылы да орындалмаған.

Сонымен қатар, АМТ ведомстволық және өңірлік жоспарларды әзірлеу кезінде мемлекеттік органдар, әдетте, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін есепке алмай, өздері үшін «қолайлы» іс-шараларды көздейтініне назар аударды. Сапасыз жоспарлаудың себебі – мемлекеттік органдар мүдделерінің қақтығысы және осы маңызды процеске жұртшылықтың әлсіз тартылуы болып табылады.

Анықталған кемшіліктерді ескере отырып, АМТ мемлекеттік органдарға азаматтық қоғам өкілдерінің міндетті қатысуымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің толығырақ тізбесі негізінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-шараларды сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуді ұсынды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны одан әрі іске асыру барысында Агенттік АМТ-мен бірлесіп, 2021-2023 жылдарға арналған
іс-шаралар жоспарының жобасын қалыптастырды.

Жаңа жоспарлы құжат формальды іс-шараларды қамтымайды және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға, сондай-ақ МСЖҚКТ, ЭЫДҰ, ФАТФ, БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын одан әрі имплементациялауға бағытталған. [7, 7-т.]

Агенттіктің тапсырысы бойынша Жастардың әлеуметтік және тұрақты даму қоры жүргізген зерттеуге сәйкес, сауалнамаға қатысқан 21 373 азаматтың 67%-ы еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының бар екендігі туралы хабардар.

 

  1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дамуы

 

2020 жылы қазан айында заңнамаға сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның құқықтық мәртебесін күшейту бөлігінде түзетулер енгізілді (ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың тізбесіне енгізу; квазимемлекеттік сектор субъектілерінен ревизиялар, салықтық және басқа да тексерулер, аудит және бағалау жүргізуді талап ету құқығы (бұрын бұл талапты тек мемлекеттік органдар ғана орындауға міндетті болатын).

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кадрлық оңтайландыру есебінен арттыру туралы тапсырмасын орындау үшін, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бос бірлік қоры 30%-ға дейін жеткізілді. [2, 5-т.; 3, 6-т.]

Ауданаралық бөлімшелерді қысқарту жалғастырылды – 13-тің
9-ы қысқартылды (2019 жылы – 41 болды), 4-еуі елдің ірі өңірлерінде қалды (Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында). Басшылар мен орындаушылардың арақатынасы – 1:8 (оңтайландыруға дейін – 1:2-ні құрады).

Оңтайландыру шаралары арқасында жедел-тергеу блогы күшейтілді. 2020 жылы мемлекеттік органдардың жоғары басшылық құрамы арасында қылмыстарды анықтау бойынша мақсатты бөлімше құрылды.

Үнемделген қаражат материалдық-техникалық базаны нығайтуға, қызметкерлерді қаржылық қолдауға және ішкі бизнес-процестерді цифрландыруға жіберілді.

Төрағаның цифрландыру мәселелері жөніндегі көмекшісі – CDO
(Chief Data Officer) жаңа лауазымы енгізілді.

Оның басшылығымен ішкі процестер мен сыртқы коммуникацияларды цифрландыру мақсатында, 4 модулі бар «Цифрлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет» талдамалық платформасын енгізудің бірінші кезеңі аяқталды: Anticor-HR (құжаттармен жұмыс істеуден адами ресурстарды тиімді басқаруға); Antikor-Stat (Big data және жасанды интеллект технологиялары негізінде, статистикалық деректерді жедел және болжамды талдау); Antikor-Prevent (алдын алу жұмысын жүйелеу); Anticor-Portal (құрылымдалған білім базасын және ішкі коммуникацияның қолайлы ортасын құру). [4, 4.16, 4.19-бастамалар]

Қамауда ұстауға байланысты емес бұлтартпау шараларын таңдау кезінде электрондық бақылау құралдарын пайдалану басталды (2020 жылы тәулік бойы мониторингте 5 күдікті болған).

«Е – қылмыстық іс» жобасы шеңберінде тергеушілердің жұмыс орындары жабдықталып, деректердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
2020 жылы электрондық форматта 121 қылмыстық іс тергелді.

Құпия іс жүргізудің орталықтандырылған жүйесінде жедел деректерді есепке алу автоматтандырылды.

 

  1. Халықаралық ынтымақтастық

 

2020 жылы шетелдік және халықаралық әріптестермен белсенді өзара
іс-қимыл жалғастырылды. [7, 7-т.]

Халықаралық ұйымдардың (Дүниежүзілік банк, МСЖҚКТ, ЭЫДҰ, БҰҰДБ, БҰҰ ЕҚБ), рейтингтік агенттіктерінің (Freedom House, IHS Markit, WJP, OGP, PRS Group, Бертельсман қоры) және шет елдердің (Австрия, Бразилия, Ұлыбритания, Гонконг, Италия, Моңғолия, Нидерланды, Сербия, АҚШ, Өзбекстан, Оңтүстік Корея және т.б.) өкілдерімен 34 кездесу өткізілді.

Кездесулерде әріптестермен Қазақстанның қол жеткізген нәтижелері және сыбайлас жемқорлық деңгейін, оның ішінде БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасы шеңберінде төмендету бойынша одан әрі қадамдары талқыланды.

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер тізбегі кеңінен Еуропа Кеңесінің (МСЖҚКТ) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының 85 және 86-пленарлық отырыстары, ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық 28-форумы, сондай-ақ Дүниежүзілік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған халықаралық 6-конференция шеңберінде талқыланды.

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Тұжырымдар

 

Мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігінің, азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді тартудың арқасында Қазақстан қысқа мерзімде COVID-19 пандемиясымен байланысты дағдарыстық құбылыстарды еңсере алды.

Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын одан әрі іске асыру шеңберінде алдын алу шаралары құқықтық, практикалық және ментальдық деңгейлерде күшейтілді масштабталды.

Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту, жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғау, демократиялық институттарды нығайту және азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейту мақсатында қабылданған заңнамалық актілер парасаттылық идеологиясын одан әрі ілгерілетудің және сыбайлас жемқорлық факторларын жоюдың берік негізін қалады.

Алдын алу шараларымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың барлық бағыттары қамтылған (мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; қоғамдық бақылау институтын енгізу; квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; соттар мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу; қоғамда парасаттылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет жүйесін қалыптастыру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту).

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа барлық мүдделі топтар – мектеп оқушылары, студенттер, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, инвесторлар, тәуелсіз сарапшылар, еріктілер және басқалар тартылған.

Мемлекет басшысының қағидаттық ұстанымы және халықаралық стандарттарды үдемелі имплементациялау елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді, бұл халықтың болып жатқан өзгерістерді қабылдауының оң серпінімен расталады.

 

Ұсыныстар

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы озық стандарттарды одан әрі имплементациялау мақсатында:

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын пысықтауды жалғастыру: заңсыз баю, кәсіби сатылмаушылыққа тестілеу (Integrity check), пара беру уәдесін/ұсынысын қылмыстандыру, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру (whistleblowing), аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін еселенген айыппұлдарды алып тастау;
  • мемлекеттік органдар жұмысының сервистік моделін стандарттау;
  • мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингін енгізу;
  • квазимемлекеттік сектор субъектілерін бағалау жүйесін құру;
  • аудиторлық қызметті қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің бірыңғай стандарттарын енгізу;
  • бюджет процесінің ерте сатысында баға комплаенсін қолдану (бюджеттік өтінімді қарау кезінде);
  • бюджетті жасау және атқару процесіне азаматтық қоғам өкілдерінің қатысу тетіктерін кеңейту;
  • орындалған жұмыстардың актілерін ашық қолжетімділікте жариялау және тапсырыс берушінің оларды қарауының нақты мерзімдерін белгілеу;
  • мемлекеттік ресурстарды (жер қойнауы, жер учаскелері, үй-жайлар және т.б.) бөлу кезінде цифрлық аукциондарды, сондай-ақ сатып алу саласына цифрлық теңгені енгізу;
  • «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталы арқылы табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуының мониторингі;
  • мүдделер қақтығысы туралы нормаларды бұзғаны үшін, жауапкершілік шараларының тиімділігін арттыру;
  • мемлекеттік қызметшілердің мүдделерін декларациялауды енгізу;
  • бюджет қаражатын пайдалану туралы мәліметтерді ашық дереккөздерге орналастырмағаны үшін, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге қатысты әкімшілік жауаптылықты енгізу;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ғылыми зерттеулердің тиімділігін, оның ішінде ғалымдардың анық деректерге қол жеткізуін қамтамасыз ету арқылы арттыру;
  • дипломдық жұмыстардың, магистрлік және докторлық диссертациялардың, гранттық ғылыми зерттеулердің жария бірыңғай электрондық базасын құру;
  • балалардың ерте жастан адал және әділ өмір салты туралы берік сенімдерін қалыптастыру үшін, «Адалдық әліппесі» жобасын әзірлеу;
  • білім басқармалары мен бөлімдерін әкімшілік-шаруашылық функциялрдан босату (мектептер мен колледждерді салу, жөндеу, коммуналдық, шаруашылық қамтамасыз ету);
  • сот жүйесі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды бекіту;
  • судьялар корпусындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтауға азаматтық қоғамды тарту;
  • олардың қызметін жобалық басқару арқылы жүйелеу жолымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалардың тиімділігін арттыру;
  • тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою жөніндегі шараларды бірлесіп пысықтау бөлігінде «Адалдық алаңы» жобасының арнайы мониторингтік топпен және басқа да қоғамдық құралымдармен өзара іс-қимылды күшейту;
  • АМТ-ның құқықтық мәртебесін күшейту;
  • нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасына «жасанды интеллект» технологияларын енгізу;
  • нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қысқа мерзімде келісу практикасын алып тастау, сондай-ақ «Ашық НҚА» порталында оларды талқылауға азаматтардың қатысуын кеңейту;
  • экономика салаларында көлеңкелі айналымның ең көп үлесі бар
    (ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, көлік) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін мақсатты түрде жою;
  • биржалық, есеп айырысу-клирингтік инфрақұрылымды, электрондық астық қолхаттары бойынша орталық депозитарий жүйесін, астықтың сапасын тексеру және оны сақтау жүйесін қамтитын ұйымдасқан астық нарығын құру;
  • ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді беру процесін электрондық форматқа көшіру;
  • кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын міндетті талаптар тізілімін құру;
  • мамандардың біліктілігін растайтын құрылыс саласындағы кәсіби өзін-өзі реттейтін ұйымдарды дамыту;
  • лицензиялау процесін орталықтандыру және құрылыс саласындағы лицензиаттардың бірыңғай электрондық тізілімін құру;
  • әкімдіктердің геопорталына қойылатын бірыңғай талаптарды бекіту;
  • Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы және Жылжымайтын мүліктің бірыңғай кадастры жобасын іске асыруды жылдамдату;
  • жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін толық автоматтандыру;
  • әкелінетін тауарларды буып-түю мен кодтаудың міндетті стандартын енгізе отырып, кедендік шекарадағы тексеріп қарауды және уақытша сақтау қоймаларының жұмысын толық автоматтандыру;
  • импорттаушылар мен тасымалдаушылардың қызметін қоғамдық бақылау үшін, қоғамдық ұйымдарға Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Ахуалдық орталығының жұмысына рұқсат беру;
  • контейнерлік транзиттік поездарды кедендік тексеріп-қарауды алып тастау;
  • көлеңкелі экономика деңгейін төмендету мақсатында, «Қазақтелеком»
    АҚ-ның «Тауарларды таңбалау және қадағалау» ақпараттық жүйесін одан әрі дамыту;
  • сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталғандар үшін қоғамдық жұмыстарды негізгі немесе қосымша жаза ретінде қолдану және сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін құру;
  • қоғамдастықтың мемлекеттік органдардың кадр комиссиялары мен аппараттық мәжілістерінің жұмысына қатысуы мәселелерін қарау перспективалық болып көзделеді.

 

 

2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат орындауға
негізделген тапсырмалары бар құжаттар тізімі:

 

  1. Қазақстан Республикасы Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстар (Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №27 Жарлығымен бекітілген) / http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U190000027U
  2. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары (Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі №152 Жарлығымен бекітілген) / http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1900000152
  3. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары (Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі №413 Жарлығымен бекітілген) / http://adilet.zan.kz/rus/docs/U2000000413
  4. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары (Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы №636 Жарлығымен бекітілген) / http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1800000636
  5. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 мамырдағы №309 қаулысымен бекітілген) / http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1800000309
  6. Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың төрағалығымен 2019 жылы 20 мамырда өткен кеңестің №19-01-7.14 хаттамасы
  7. Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың төрағалығымен 2020 жылы 19 тамызда өткен кеңестің №20-01-7.19 хаттамасы

 

Ескертпе: стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың орындалуы туралы ақпаратты енгізу туралы талапты орындау үшін (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және оны жариялау қағидаларының 8-тармағы), жоғарыда көрсетілген тапсырмалардың тармақтарына баяндама мәтінінде сілтемелер жасалады.

 

 

 

Қысқартулар тізімі:

 

БҰҰ         – Біріккен Ұлттар Ұйымы

МСЖҚКТ  – Мемлекеттердің сыбайлас жемқорлықпен күрес тобы

ЭЫДҰ      – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы

ЕҚЫҰ      – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы

АЖҚТ      – Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы

АМТ        – Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыруды сыртқы талдау және бағалаудың арнайы мониторингтік тобы

АҚ            – акционерлік қоғам

ЖШС       – жауапкершілігі шектеулі серіктестік

КАҚ         – коммерциялық емес акционерлік қоғам

ҰК            – ұлттық компания

ЦДАӨМ   – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

БҒМ         – Білім және ғылым министрлігі

ЭГТРМ    – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі

АШМ       – Ауыл шаруашылығы министрлігі

ТЖМ        – Төтенше жағдайлар министрлігі

ІІМ           – Ішкі істер министрлігі

ҰҚП         – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

ТМД         – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы

БҰТ          – бірыңғай ұлттық тестілеу

ХҚКО      – халыққа қызмет көрсету орталығы

ТСОБТ     – тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі

БАҚ         – бұқаралық ақпарат құралдары

Дата публикации
03 мая 2021
Дата обновления
03 мая 2021
Тип
Баяндама

Сейчас читают

06 мая 2025
Бөрлі ауданы бойынша бос орындар: 06.05.2025 ж.
02 мая 2025
Бөрлі ауданы бойынша бос орындар: 02.05.2025 ж.
23 апреля 2025
Бөрлі ауданы бойынша бос орындар: 23.04.2025 ж.

Социальные медиа

Бөрлі ауданы әкімдігінің ресми парақшасы
Бөрлі ауданы әкімдігінің ресми парақшасы

Меню подвал

Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы