Саралжын ауылы тұрғындарының ауызбіршілігімен елді мекенге кіреберіс қапталға еңселі арка орнатылып, салтанатты ашылуы ұйымдастырылды.
Жаңа арка Саралжын ауылы азаматтарының бастамасымен жүзеге асырылған белгі. Арканың биіктігі 7 метр, еңі 8 метр.
Жаңа қақпаның ашылуына арнайы аудан әкімі Нұрлыбек Даумов қатысты. Тұрғындарға ізгі тілегін білдірген аудан басшысы, ұйымшылдықпен елдің бірлігін көрсеткен, қақпаны көтерген, құрылысына демеуші болған барша атсалысқан жандарға алғысын білдіріп, игі істің бастамашысы болып, басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар сөз сөйлеушілердің қатарында округ әкімі Нарынбек Кереш ауылдастарының қуанышты күнмен құттықтап, барша азаматтарға ризашылығын білдірді. Ауылдың үлкендері де сөз сөйлеп, елдің атынан өз ақ баталарын берді. Қақпаның ашылуына ауылдың үлкендері мен жастары көтеріңкі көңіл күйменен тегістей қатысты.
Тұрғындардың қуанышын бөлісуге қазіргі уақытта облыстың мәдениет саласында қызмет ететін ауылдың тумалары өз тартуын жасап, мәдени ағарту орталығының өнерпаздары мен облысқа танымал әншілерін әкеліп әннен шашу шашты.
Арканың лентасын аудан әкімі Н.Даумов пен ауылдың азаматы Р.Кусманов қиды.