Қазақстанда ЕТЖ мөлшері 2023 жылдан бастап ұлғайтылады

Қазақстанда ЕТЖ мөлшері 2023 жылдан бастап ұлғайтылады

Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері (бұдан әрі – ЕТЖ) 60 000-нан 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылатын болады.

ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірістері өседі.

Бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚР Үкіметіне ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырды, бұл оның мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді.

Осы тапсырманы орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары динамикалық тәсілдемеге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ЕТЖ айқындау әдістемесін әзірлеуге кірісті.

ЕТЖ еңбек саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарт болып табылады және тиісті қаржы жылына әр жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен белгіленетінін естеріңізге сала кетейік.