Мемлекеттік қызметші күніне және Қазақстан Республикасының Полиция күніне арналған салтанатты іс-шара

Мемлекеттік қызметші күніне және Қазақстан Республикасының Полиция күніне арналған салтанатты іс-шара

Бүгін 23 маусым күні аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері және Қазақстан полициясы кәсіби мерекелеріне арналып салтанат өтті.

Жиналғандар ең алдымен Мемлекеттік Әнұранға құрмет көрсетті.

Мұратсай ауылдық округінің жас та бас маманы Гүлден Мұстахова Ата Заңымызға қолын қойып, ҚР мемлекеттік қызметшісінің антын қабылдады, қойылған талап биігінен көрінуге сөз берді.
Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов әріптестері мен полицейлерді құттықтап, олардың атқарып отырған қызметінің маңыздылығына тоқталды.

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева мен аудандық полиция бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Жангелді Салауатов қос сала қызметкерлеріне жылы лебіздерін жеткізді.

Салтанатта аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева мен аудандық қаржы және экономика бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Темірбаев «Қызмет» облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының «Құрмет» грамотасымен мадақталды.
Мұратсай ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Роза Тінәлиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жоламан Сисенғалиев, Сайқын ауылдық округі аппаратының бас маманы Кенжегүл Тәжкенова, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Тимур Артығалиев, Аман Мәжитов, Рүстем Мұхамбетьяров, Мақпал Бекқалиева және Нұргүл Сатқанова аудан әкімінің алғысхатына ие болды.

Нұрлыбай Қалмияров, Арсен Фазыл және Ернұр Ерболатұлы есімді тәртіп сақшылары аудандық полиция бөлімі бастығының алғысхатын алды.

Салтанатта айтулы кәсіби мерекелерге арналған спорттық шаралардың қорытындысы жарияланды. Нәтижесінде футбол мен мылтық атудан мемқызметшілер құрамасы жеңіске жетсе, гір тасын көтеру мен арқан тартыста полицейлердің күші басым болды. Кәсіби мереке күні достық салтанат құрды.