
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Азамат Мұхамбетжановтың төрағалығымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен санитариялық тазалық айлығы аясында жиын өтті.
Аталған жиынға округ әкімдері мен жауапты мекеме басшылары қатысты. Басқосуда алдағы жалпы халықтық сенбілікті жоғары деңгейде өткізу мәселесі күн тәртібіне қойылды.
Жиын барысында аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылан Бижанов акция аясында атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндады. Жиын барысында бөлім басшысы аудан бойынша санитариялық тазалық жұмыстарының жай-күйіне тоқталып, алдағы жоспарланған шаралары туралы жан-жақты баяндады.
19 қыркүйек күні «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Дүниежүзілік тазалық күніне орай жалпы халықтық сенбілік өткізіледі. Осыған байланысты ауданымыздағы барлық мемлекеттік мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар және тұрғындар белсенді қатысып, өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізуі қажет. Аудан орталығындағы мекемелерді бес бағытқа бөліп, әр бағытқа жауапты мекемелер бекітілді. Ал 26 қыркүйектен бастап аудан көлемінде санитариялық тазалық айлығын бастау жоспарланып отыр. Бұл айлық барысында елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру, қоқыс орындарын ретке келтіру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілетін болады.
Баяндамадан кейін сөз алған аудан әкімінің орынбасары Азамат Мұхамеджанов тазалық мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол барлық мекеме басшылары мен округ әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, «Таза – Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып жатқан сенбіліктерге әр мекеме белсенді түрде қатысып, басшылардың өздері бастап қызметкерлерін жұмылдыра отырып, үлгі көрсетуі қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысында Азамат Ермекұлы тазалық пен көгалдандыру жұмыстары тек маусымдық емес, жыл бойы жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін айтып, бұл бағыттағы жауапкершілікті күшейтуді жүктеді.