
Ағымдағы жылдың 10 қыркүйек күні аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен «Цифрлық технология мүмкіндіктері» тақырыбында семинар өтті.
Жиынға аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Камашев, басқарма мамандары, аудандық бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Семинар барысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту, интернет және байланыс сапасын арттыру, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, дербес деректерді қорғау және цифрлық сауаттылықты арттыру мәселелері талқыланды.
Нұрғиса Камашев облыста жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жобаларына тоқталып, аудан бойынша сегіз елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланғанын атап өтті. Сондай-ақ ауданда бүгінде 70-тен астам бейнебақылау камерасы орнатылғаны айтылды.
Семинар барысында «Айкөмек 109» қызметінің мүмкіндіктері, электрондық цифрлық қолтаңбаны қауіпсіз пайдалану және дербес деректерді қорғау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар Batys Hub өңірлік менеджері Ануар Кубеков жастар мен кәсіпкерлерге арналған Startup Orda, Tech Orda, Tomorrow School, Tumo секілді IT және стартаптарды қолдау бағдарламалары туралы ақпарат берді. Ол аудан жастарын Digital Bridge, Digital Kazakhstan, Digital Day, хакатондар және басқа да IT бағытындағы шараларға белсенді қатысуға шақырды.
Жиын соңында қатысушыларға цифрлық технологияларды дамыту, деректер қауіпсіздігі және IT саласындағы жаңа мүмкіндіктер бойынша практикалық семинар өткізілді.