Ағымдағы жылдың 18 қазан күні Орал қаласында жұмысшы мамандықтарды насихаттауға бағытталған «ЕҢБЕК. АДАМ. ҚҰРМЕТ» атты өңірлік фестиваль ұйымдастырылып, ерекше рухпен бастау алды. Шараның ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп, еңбек адамдарының қоғамдағы рөлі мен кәсіби мамандықтардың беделін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Ауқымды шараға Бөкей ордасы ауданы да белсене қатысып, ұлттық дәстүрді насихаттаған ерекше мазмұндағы көрме ұсынды. Арнайы тігілген киіз үй – ауданның тарихы мен мәдениетін, еңбекпен шебер ұштасқан өмір салтын кеңінен танытатын рухани кеңістікке айналды.
Киіз үй ішінде ауданымыздың қолөнершілері мен ісмер шеберлерінің туындылары, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен аспаздардың қолынан шыққан дәмді тағамдар көрмесі келушілердің ыстық ықыласына бөленді.
Аудан атынан ұйымдастырылған бұл мәдени-кәсіби таныстырылымды облыс әкімі Нариман Төреғалиевке және шара қонақтарына Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов таныстырды. Қонақтар ауданның рухани-мәдени мұрасына, еңбекке деген көзқарасына, кәсіби шеберлерінің өнеріне жоғары баға берді.