Бүгін аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Жиынның күн тәртібінде 3 мәселе қозғалды. 1. Аудан бойынша мал азығын дайындау барысы туралы; 2.Аудан бойынша әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыруды ұйымдастыру және күзгі әскери шақыру туралы; 3. «Құрылтай» сайлауының дауыс беру күніне арналған іс-шаралар туралы.
Алдымен, аудан басшысы Нұрлыбек Жасқайратұлы кадрлық өзгерістерге тоқталды. Сайқын ауылдық округі әкімі қызмет атқарған Шыңғыс Абдуллинге алғысын білдірсе, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі басшысы қызметіне тағайындалған Аслан Бижановты активке таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Жиынның күн тәртібіне сай, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Хайруллин, аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы М.Курамшин, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы И.Құрмашевтың хабарламалары тыңдалып, өзекті мәселелер талқыға салынып, аудан әкімі жауапты орынбасары барлық мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне хаттамалық тапсырмалар берді.
Аудан әкімінің орынбасары К. Нұршиновтың төрағалығымен сайлауалды дайындық жұмыстарына қатысты мәселелер пысықталды.
Жиын барысында алдағы сайлау процесіне дайындық барысы, ұйымдастыру жұмыстары және атқарылатын міндеттер талқыланды.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы И. Құрмашев сөз сөйлеп, сайлауалды жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталып, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар бойынша түсіндірме берді.
Кездесуде сайлау процесін байқаушылардың жұмысын талапқа сай ұйымдастыру, дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізу және белгіленген міндеттердің сапалы орындалуы басты назарда екені атап өтілді.
Мемлекеттік қызметтер азаматтарға бұрынғыдан да қолжетімді бола түсуде. Қазіргі таңда бірқатар мемлекеттік қызметті халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бармай-ақ алуға болады. Осы мақсатта «Дербес менеджердің үйге баруы» сервисі жұмыс істейді. Оның аясында маман өтініш беруші көрсеткен мекенжайға барып, қажетті қызметтерді үйде көрсетеді. 2026 жылдың жеті айында бұл мүмкіндікті шамамен 1,5 мың қазақстандық пайдаланған.
Салыстырмалы түрде қарасақ, 2025 жылы дербес менеджер қызметіне 2 мыңнан астам адам жүгінген. Өткен жылы аталған сервис Қызылорда облысында ең көп сұранысқа ие болып, оны 540 адам пайдаланған. Алматыда - 477, ал Павлодар облысында 435 адам осы сервистің көмегіне жүгінген.
Ал биылғы жылдың жеті айындағы көрсеткіш бойынша көшбасшылар үштігі өзгерді. Дербес менеджердің үйге баруы бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркелді, онда бұл сервисті 296 рет пайдаланған. Екінші орында Атырау облысы - 277 рет, ал Қызылорда облысы - 259 рет аталған сервиске жүгінген.
Сервисті пайдалану үшін қашықтан өтініш беріп, маман баратын мекенжайды көрсету жеткілікті. Алдын ала берілген өтініш бойынша фронт-офис маманы азаматтың үйіне барып, кеңес береді, қажетті құжаттарды қабылдайды және мемлекеттік қызметті сол жерде рәсімдеуге көмектеседі. Мұндай формат уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді және қандай да бір себептермен ХҚКО-ға өз бетінше бара алмайтын азаматтар үшін өте ыңғайлы.
«Үйге баратын дербес менеджер» тарифінің құны - 7 447 теңге. Бұл сома мемлекеттік бажға жатпайды, яғни тек сервистің қызмет көрсету құны болып табылады.
Үйге баратын дербес менеджердің көмегімен мемлекеттік қызметтердің кең ауқымын алуға болады. Алайда паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу, сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО-ларда көрсетілетін қызметтер бұл тізімге кірмейді. Себебі аталған қызметтерді алу үшін азаматтың жеке қатысуы керек және тиісті рәсімдерден өтуі қажет.
Маманның үйге келуіне өтінішті «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми сайтындағы «Азаматтарға көрсетілетін қызметтер» «Дербес менеджердің үйге баруы» бөлімі арқылы беруге болады. Бұдан бөлек, өтінішті 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы да рәсімдеуге мүмкіндік бар. Өтініш беру кезінде қажетті ақпаратты толтырып, маман баратын мекенжайды көрсету жеткілікті.
Ауданындағы елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Соның бірі – Бисен ауылындағы көше жолдарын жөндеу және асфальт төсеу жұмыстары.
Жоба аясында ауылдың 5 көшесіне асфальт төселіп, жолдардың сапасы жақсарады. Бұл жұмыстар тұрғындардың күнделікті қатынасын жеңілдетіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Мердігер: "Монолит" ЖШС.
Құрылыс жұмыстарының барысын аудан әкімінің орынбасары Азамат Мұхамбетжанов бақылап, мердігер ұйым өкілдерімен бірге жұмыс сапасын қадағалады. Ол жол төсеу барысында құрылыс талаптарының сақталуына, жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуына баса назар аударды.
Аудан әкімдігі тарапынан елді мекендердің жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бисен ауылындағы бұл жоба да тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, ауылдың көркейіп, абаттануына оң ықпал етпек.
Жол сапасының жақсаруы – ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастырып қана қоймай, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды фактор.
Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, ал қаламгер – сол қазынаны ұрпаққа жеткізуші тұлға. Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлескен "Ең алдымен ел қамы" жобасы аясында бір топ қаламгерлер ауданымызға келіп, Бисен ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында қаламгерлер өздерінің шығармашылық жолы, әдебиетке келуі, алғашқы туындылары мен ізденістері жайында сыр бөлісіп, өз шығармаларынан үзінділер оқыды. Ақындардың жүрекжарды жырлары мен жазушылардың әсерлі әңгімелері көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Оқырмандар да өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қаламгерлермен еркін пікір алмасты.
Бүгін аудан әкімі Нұрлыбек Даумов Ташкентте өткен Азия чемпионатының жеңімпазы Рахым Қожағалиевті қабылдады.
Армрестлингтен ел намысын халықаралық деңгейде абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсетіп, чемпионға аудан басшысы - Сізді аудан тарихында тұңғыш рет армрестлингтен Азия чемпионы атануыңызбен осында қатысып отырған әріптестер мен барша бөкейліктер атынан шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – өзіңіз үшін ғана емес, ауданымыз үшін де үлкен мәртебе. Халықаралық деңгейдегі додада ел намысын абыроймен қорғап, Азия чемпионатында жеңіске жету – табандылықтың, қажырлы еңбектің және спортқа деген адалдықтың нәтижесі.
Сіздің бұл жетістігіңіз ауданымыздағы жас спортшыларға үлкен үлгі болады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, биік мақсатқа ұмтылып, үздіксіз дайындықтың арқасында осындай нәтижеге қол жеткізіп отырсыз. Сондай-ақ Сіз тәрбиелеген шәкірттеріңізде байрақты бәсекелерде биік белестерді бағындырып келеді. Бұл жұмыс пен маңдай тердің жемісі деп білемін.
Ташкентте өткен жарыста туған жеріміздің атын асқақтатып, көк туымызды халықаралық аренада желбіреткеніңіз үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта да жеңісті жолыңыз жалғасып, әлемдік додаларда Қазақстанның көк байрағын биіктен желбірете беруіңізге тілектеспін, деген ыстық лебізін білдіріп, ауылдас ағасына демеушілік көрсеткен Р.Мұхамбетшин ұсынған тұлпарды аудан басшысы бөкейліктердің атынан мінгізді.
Өз кезегінде, Рахым Берегенұлы Азия чемпионатында топ жарып, ел қоржынына алтын жүлде салған спортшы өз дайындығы мен жарыс барысы туралы айтып берсе, қабылдауға қатысушы жерлестерде өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді.
Бөкей ордасы ауданы әкімі аппаратының бірыңғай конкурстық комиссиясының қорытындысы негізінде, аудан әкімінің 2026 жылғы 12 тамыздағы өкімімен Бөкей ордасы ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы лауазымына Асылан Жұмағалиұлы Бижанов тағайындалды.
Асылан Бижанов – 1992 жылы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген.
Білімі жоғары. 2014 жылы Батыс Қазақстан облыстық инженерлік-гуманитарлық университетінің «Электроэнергетика» мамандығы, 2016 жылы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2015 жылы Бөкей ордасы аудандық ішкі істер бөлімінде маман болып бастаған.
2016-2017 жылдары Сайқын ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маман, 2017-2018 жылдары Бөкей ордасы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде инспектор, 2018-2024 жылдары аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші, бас маманы, басшысы, 2024-2026 жылдары аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау және персоналды басқарудың бірыңғай қызметі бөлімінің бас маманы, 09.02.2026-11.08.2026 жылдары аудан әкімі аппараты құжаттарды қамтамасыз ету және қаржы шаруашылық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
Отбасылы, 2 баласы бар.
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов жаңа лауазымға тағайындалған бөлім басшысын ұжымға таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде жаңа тағайындалған басшы аудан әкіміне сенім білдіргені үшін алғысын білдіріп, артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне орай аудан орталығында «Өлең – сөздің патшасы, сөздің сарасы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Абайдың тағылымды мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың ақын шығармашылығына деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен рухани шараға аудан тұрғындары мен жалпы әдебиетсүйер қауым қатысты.
Кеш барысында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолы туралы кеңінен әңгімеленіп, Абайдың қазақ әдебиеті мен ұлттық руханияттағы орнына тоқталды. Қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздерінен үзінділер келтіріп, әндерін орындады.
Әсіресе, «Ғылым таппай мақтанба», «Қыс», «Жаз», «Жазғытұры», «Интернатта оқып жүр» сынды өлеңдерінің тәрбиелік мәні кеңінен насихатталды. Сонымен қатар Абайдың әндері орындалып, ақынның қара сөздеріндегі адамгершілік, білім, еңбек, талап пен ғылым туралы ойлары ортаға салынды.
Әдеби кеште Абай мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы ерекше екені айтылды. Ақынның «Толық адам» ілімі, білім мен ғылымға ұмтылу, еңбекқорлық пен ел бірлігі туралы өсиеттері қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Шара соңында қатысушылар Абай шығармашылығына арналған кітап көрмесімен танысып, ұлы ақынның рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Абай әлемі – ұлттың рухани қазынасы. Оның әрбір өлеңі мен қара сөзі адамды ізгілікке, білімге, еңбекке және елге қызмет етуге үндейді. Сондықтан хакім Абайдың мол мұрасын дәріптеу – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды бағыттардың бірі.
Жеке куәлік пен төлқұжат алу – қазақстандықтар арасында сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі. Жыл сайын миллиондаған азамат осы құжаттарды рәсімдеу үшін ХҚКО-ларға жүгінеді. Қызметті тез әрі еш қиындықсыз алу үшін рәсімдеу тәртібін алдын ала білген жөн.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандықтарға 1,5 миллионнан астам жеке куәлік пен төлқұжат берілді. Ең жоғары сұраныс дәстүрлі түрде демалыс пен саяхат маусымына тұспа-тұс келіп, маусым айында 269 мыңнан астам құжат рәсімделді. Төлқұжат пен жеке куәлікті ХҚКО-да тез әрі ыңғайлы рәсімдеу үшін нені білу қажет?
Төлқұжат рәсімдеу
Төлқұжатты тіркелген жеріңізге қарамастан, Қазақстанның кез келген ХҚКО-сында рәсімдеуге болады, өйткені қызмет экстерриториялық қағидат бойынша көрсетіледі.
Төлқұжатты алғаш рет алу үшін жеке куәлікті ұсыну жеткілікті. Егер төлқұжаттың жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын болса, оны алдын ала ауыстырған жөн. Бұл ретте төлқұжатты уақытында ауыстырмағаны немесе оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұл қарастырылмаған. Қызметті оператор арқылы немесе құжаттандыру терминалы арқылы алуға болады.
Төлқұжат рәсімдеу кезінде кәмелетке толған азаматтар 36 немесе 48 беттен тұратын төлқұжатты таңдай алады. 36 беттік төлқұжат үшін мемлекеттік баж – 34 600 теңге, ал 48 беттік төлқұжат үшін – 51 900 теңге. 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік төлқұжаттың құны – 17 300 теңге.
Төлқұжатты дайындаудың стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні. Қажет болған жағдайда жеделдетілген рәсімдеу қызметін пайдалануға болады. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында төлқұжатты 1, 3 немесе 7 жұмыс күні ішінде жедел рәсімдеу мүмкіндігі бар. Облыс орталықтарында жедел рәсімдеу мерзімі 3 жұмыс күні, ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда 7 жұмыс күнін құрайды. Өтініш берілген күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Жеделдетілген рәсімдеу қызметі қолданыстағы тарифтерге сәйкес қосымша ақыға көрсетіледі.
Балаға төлқұжат рәсімдеу үшін оның туу туралы куәлігі, ата-анасының бірінің жеке куәлігі және мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қажет. Өтініш берген кезде ата-анасының бірінің қатысуы міндетті
Жеке куәлік рәсімдеу
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі 16 жасқа толған кезде рәсімделеді.
Жеке куәлікті алғаш рет алған кезде және оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстырған жағдайда мемлекеттік баж алынбайды. Ал құжат жоғалған жағдайда мемлекеттік баж мөлшері 865 теңгені құрайды.
Қажет болған жағдайда жеке куәлікті де жеделдетілген тәртіппен рәсімдеуге болады. Ол үшін қолданыстағы жеделдік санаттарының бірін таңдауға болады.
Бөкей хандығының 225 жылдық мерейтойы аясында жыл сайынғы дәстүрге айналған ауылдық округтердің аудан орталығына келіп, тұрғындар мен қонақтарға концерттік бағдарламаларын ұсыну жалғасын табуда.
Мәдени керуеннің кезекті шымылдығын Бисен ауылдық округі көркемөнерпаздары «Құм Нарынның құмдағындағы әуен» атты концерттік бағдарламасымен ашты.
Кеш барысында туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық құндылықтар мен ата-баба мұрасы ән мен күй, ұлттық би және сахналық қойылымдар арқылы көрініс тауып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады.