2025 жылғы 5 мамырда «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай қалалық оқу-далалық жиын аясында «Елім деп соққан жүрек» атты әскери-патриоттық шарасы өтті.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, әскери дағдыларды меңгерту және азаматтық жауапкершілікті арттыру. Отанға қызмет ету, патриотизм мен қайсарлықты дәріптеу – бүгінгі таңда жас ұрпақтың бойына сіңіру керек басты қасиеттер.
“Бұл шара – жас ұрпақты азаматтық, отансүйгіштік және әскери даярлыққа тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын және Отан қорғаушылар күнін ұлықтауға арналған бұл жиын, әрбір жас баланың Отанға деген құрметін арттырып, оларды ерлік пен батырлықтың нағыз мұрагері болуға ынталандырады. Жастарды патриотизм рухында тәрбиелеу – біздің болашағымыз үшін аса қажетті іс” - деп, Архат Исламғали “Жастар Рухы” жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы атап өтті.
Шараға Орал қаласындағы 14 жалпы орта білім беру ұйымының 400-ге жуық ер баласы қатысты. Олар оқу-далалық жиын барысында алған білімдері мен дағдыларын көрсетіп, физикалық дайындықтарын сынады. Жас ұрпақ әскери жаттығулар, әртүрлі тактикалық тапсырмалар мен экологиялық жаттығулар арқылы өздерінің қабілеттерін шыңдады. Сонымен қатар, бұл жиын Отанға қызмет ету, ерлік пен батырлықтың маңызын түсіну тұрғысынан да үлкен тәрбиелік мәнге ие.
Бұл маңызды шараға Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Әлия Қайыржанова, «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев және М.Өтемісов атындағы БҚУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев қатысты.