Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту:
Облыста 33,5 мыңнан астам баланы қамтыған 548 (383-і мемлекеттік, 165-і жеке меншік) мектепке дейінгі ұйым қызмет етеді.
Анықтама: Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар қатарында 147 балабақша, 62 «мектеп-балабақша кешені», 174 шағын орталық болса, 163 жеке балабақша, 2 жеке шағын орталық.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамту 2 мен 6 жас - 91%, 3 пен 6 жас – 100 %.
МДҰ желісін көбейту бағытында 2024 жылы 3633 орындық 49 мектепке дейінгі ұйым ашылды (оның ішінде 3510 орындық 44 жеке МДҰ).
Мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 4 277 педагог қызмет атқарады.
Жалпы орта білім беру:
2024-2025 оқу жылында облыста 124982 оқушы контингентімен 374 мектеп (361 мемлекеттік күндізгі, 2 кешкі, 11 жеке мектеп) жұмыс жасайды.
Жалпы білім беретін мектептердің 249-ы немесе 66,6%-ы оқытуды қазақ тілінде жүргізеді (63885 оқушы).
Шағын жинақты мектептер желісі облыста 206 (55%) бірлікті құрайды (14 мыңнан астам оқушы).
Оқушылар саны азайып, желі нормативіне сәйкес келмеуіне байланысты 4 бастауыш және 1 кешкі мектеп жабылды.
Облыс бойынша оқушылардың білім сапасы 63,1% құрады.
9-сыныпты 10540 оқушы, 11-сыныпты 6411 оқушы аяқтады, оның ішінде 230 түлек "Алтын белгі" төсбелгі иегері атанды.
Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсында 4 оқушы жүлделі орынға ие болды (2 күміс, 2 қола).
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде 24 жеңімпаз анықталды (3 алтын, 4 күміс, 17 қола). Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде көрсеткен үздік нәтижелері үшін облыс командасына ІІІ дәрежелі "Ең үздік олимпиадалық команда - 2024" атағы берілді.
Республикалық олимпиаданың кезеңінде облысымыздың 6 мектебі (Дарынды балаларға арналған мамандандырылған "Білім-Инновация" мектеп-лицей-интернаты, Дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты, Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты, Орал қаласы №35 мектеп-лицейі, А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясы, Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясы) республика бойынша «100 Үздік мектеп» қатарына енді.
2023-2024 оқу жылында ауыл мектептерінің оқушылары арасынан жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінде 28 жеңімпаз анықталды (8 алтын, 8 күміс, 12 қола). Жаратылыстану-математика мен қоғамдық-гуманитарлық бағыттары бойынша облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда - 2024» аталымы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Зайдуллина Арунаға қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша «Үздік ауыл мектебінің оқушысы – 2024» атағы берілді.
2024-2025 оқу жылында ауыл мектептерінің оқушылары арасынан жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінде 16 оқушы жеңімпаз атанды (3 алтын, 3 күміс, 10 қола). Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша облыс командасы «Үздік олимпиадалық команда - 2024» ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталып, Тасқала ауданы «Сәулет» мектеп-лицейі «Ең үздік ауыл мектебі - 2024» атағына ие болды.
Қосымша білім беру:
Қосымша білім беру қолжетімділігі облыстың 50 (40-ы ауылдық жерде және 10-ы қалада орналасқан) қосымша білім беру мекемелерімен қамтамасыз етіледі: 14 – саз мектебі, 1–көркемсурет мектебі, 3 – балалар өнер мектебі, 14 – мектептен тыс жұмыс орталығы және балалар шығармашылық үйлері, 14 – туризм және экология орталығы, 1 – облыстық экологиялық-биологиялық орталығы, 1 – облыстық техникалық балалар шығармашылық орталығы, 1 – аудандық балалар техникалық шығармашылық орталығы және Оқушылар сарайы.
Арнайы (түзеу) мектеп-интернаттар желісі (даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 3 мектеп-интернат). Оқушылар саны – 545, оның 23-і - студент.
Жалпы облыс бойынша 685 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленуде. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде 69 бала тәрбиеленуде. Қазіргі таңда 98 патронаттық отбасында 116 бала және 4 қорғаншы отбасында 17 бала, қорғаншылықта 483 бала тәрбиеленуде. Отбасындағы 616 баланы қамтамасыз ету үшін 10 АЕК жәрдемақы төленді.
Кәсіптік және техникалық білім беру:
2024-2025 оқу жылында облыстың 35 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында (26 мемлекеттік, 9 мемлекеттік емес) 15692 студент кәсіби білім алуда: күндізгі оқу бөлімінде 14835 студент, қалалық колледжерде 13370, ауылдық колледждерде 2322 студент оқиды.
2024 жылы колледждерге 5674 (2023 жылы 5642) адам қабылданды, соның ішінде жергілікті бюджет есебінен 4000 адам. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 1825 талапкер бірінші жұмысшы, 1175 орта буын мамандықтарына қабылданды (негізгі бағыттар: техникалық-технологиялық, ауыл шаруашылығы, педагогикалық, медицина, ІТ және қызмет көрсету салалары бойынша).
Сонымен қатар 2024 жылғы қабылдау кезінде әлеуметтік тапсырыста ескерілген 60 орын қылмыстық-атқару жүйесіндегі бас бостандығынан айырылушыларды және 59 орын ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы мектеп түлектерін оқыту үшін бөлінді.
Техникалық және кәсіптік кадрларды даярлау 10 сала, 70 мамандық, 112 біліктілік бойынша жүргізіледі, оның 19,6% - білім беру, 3,3% - өнер, 8,2% - бизнес және құқық, 42,3% - техникалық, технологиялық және ауылшаруашылық мамандықтары, 16,5% - медицина, 9,6% - қызмет көрсету мамандықтары.
2024 жылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 5633 түлек бітірді. Түлектердің түрлі қызметпен (жұмысқа орналасқандар, оқуын жалғастырғандар, әскер қатарындағылар, т.б) қамтылуы 4398 адам немесе 78% құрайды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 3699 түлек аяқтады, оның ішінде 3059 түлек жұмысқа орналасты.
Дуальды оқыту жүйесі бойынша 151 кәсіпорынның қатысуымен 33 мамандық, 52 біліктілік бойынша 25 техникалық, технологиялық, ауылшаруашылық колледждерінің 2559 білім алушылары қамтылған (2023 жылы - 2457). Кадрларды даярлаудың дуальды жүйесіне біртіндеп көшу студенттердің өндірісте практикадан өтуі мен түлектердің кейін жұмысқа орналасуына оңды ықпал етуде.
Педагогикалық кадрлар:
Облыс мектептерінде 15276 педагог жұмыс істейді, оның 12878-і (84,3%) жоғары білімді, магистр дәрежесі бар 775 педагог. Жаңа форматта аттестаттаудан өткен педагог саны - 11813 (77,3%).
2024-2025 оқу жылында 399 жас маман білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылданды. Ауылдық жерлердегі жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 485 жас маманға төлемақы төленді. Жас педагогтердің өтініші бойынша тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несиемен 2024 жылы 153 педагогке тұрғын үй алу үшін несие берілді.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен талап етілетін педагогикалық мамандықтарға 10 грант бөлінді (математика пәні).
2024-2025 оқу жылы басында 89 педагогке қажеттілік анықталып, жас мамандарды жұмысқа қабылдау, педагогикалық жүктемені көбейту, зейнеткер педагогтерді тарту арқылы жабылды.
Облыс бойынша 64 мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары лауазымдарына бос орын бар (24 – мектеп, 27 – мектепке дейінгі мекеме, 13 – қосымша білім беру ұйымдар).
2024 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеуге және оқытуға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының екінші легі қорытындыланды. Облыс бойынша бағдарламаны сәтті аяқтаған 22 үміткер Республикалық кадр резервіне алынды. 2024 жылғы кадрлық резервтегі 1 педагог басшылық лауазымға тағайындалды.
Облыс педагогтерінің елеулі қызметі мемлекеттік марапаттармен бағалануда. 2024 жылы Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Э.А.Траисова «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болып, Казталов ауданы Қараөзен мектеп-лицейінің физика және математика пәндерінің мұғалімі А.Б.Хайруллина «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды. Орал қаласы Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі А.С.Кинешев «Үздік педагог - 2024» республикалық байқауының жеңімпазы болды. 2020 жылдан бері облыс әкімінің қаулысымен «Батыс Қазақстан облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері анықталады. 2024 жылы аталған төсбелгіні Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.О.Байжиенова иеленді.
2024 жылы облыс бойынша 24 ардагер-ұстаз «Еңбек ардагері» медалімен, 90 педагог «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 22 педагог «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 200-ден астам педагог Оқу-ағарту министрлігінің "Құрмет грамотасымен", дипломдармен, алғыс хаттармен марапатталды.
Білім беру саласын қаржыландыру, материалдық-техникалық базасы:
Облыстың 2025 жылғы білім беру бюджеті 205,6 млдр.теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,9 млдр.теңгеге артық. Оның ішінде:
- жалақы қоры 150,0 млрд. теңге немесе 72,9%;
- күрделі шығыстар 6,2 млрд. теңге немесе 3% (4,2млрд. теңге күрделі жөндеу, 2,0 млрд. теңге оқулықтар сатып алу);
- ағымдағы шығыстар 49,4 млрд. теңге немесе 24,1% (6,3 млрд. теңге ыстық тамаққа, 0,7 млрд. теңге оқушыларды жақын жердегі мектепке дейін тегін алып баруды және одан алып қайтуды ұйымдастыруға, 0,9 млрд. теңге шаруашылық және кеңсе заттарына, 3,6 млрд. теңге коммуналдық қызметтерге, 0,7 млрд. теңге байланыс қызметіне, 2,0 млрд. теңге жаппай оқумен қамту қорына, 0,9 млрд. теңге іссапар шығыстарына, 34,3 млрд. теңге күтіп ұстау шығындарына).
Қазіргі таңда облыста 10 үшауысымды және 16 апатты жағдайдағы мектеп бар.
КПО б.в. әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалары аясында 2024 жылы 2023 жылдан ауыспалы Казталов ауданы Саралжын ауылында 60 орындық, Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында 108 орындық мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды.
Бүгінгі күнде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 9 мектеп, оның ішінде 2 мектеп (Деркөл кентінде 1500 орындық № 51 мектеп, Балауса шағын ауданында 1500 орындық № 52 мектеп) аяқталды. Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры есебінен Орал қаласында №31 мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының "Дарынды балаларға арналған №8 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейі" КММ-ның құрылыс жұмыстарын 2025 ж. IV тоқсанында аяқтау жоспарлануда.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында 2025-2027 жылдар аралығында Батыс Қазақстан білім басқармасына қарасты 86 мектеп, оның ішінде 2025 жылы 5 мектепке, 2026 жылы 33 мектепке, 2027 жылы 47 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу жоспарлануда. Жалпы 86 мектептің күрделі жөндеуіне қажет сома 60 521,8 млн. тг құрап отыр, соның ішінде 2025 жылы – 3771,7 млн тг, 2026 жылы – 24710.0 млн тг, 2027 жылы – 32040,1 млн тг.
Мектептердің күрделі жөндеуі Республикалық бюджеттен берілетін жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жоспарлануда.
"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында Жаңақала ауданындағы Карманов мектеп-бақша кешеніне күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстарын "Жайық Сити" ЖШС өткізді. Бүгінгі таңда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, оқу үрдісі мектеп ғимаратында ұйымдастырылған.
Ақжайық ауданындағы Базартөбе және Бәйтерек ауданындағы Раздольный мектептері бойынша облыстық бюджет есебінен қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
КПО б.в. компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары аясында 4 білім беру нысанының күрделі жөндеуін өткізуге қаражат бөлінді (Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты, Орал қаласының Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыкалық мектебі, №17 жалпы орта білім беру мектебі, №9 жалпы орта білім беру мектебі).
Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында 2024 жылы ауылдық мектептерге облыстық бюджет есебінен 160 пәндік кабинет сатып алынды (химия - 40, биология - 40, физика - 40, STEM - 40), сондай-ақ жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен қала мектептеріне 13 және "Қазақстан халқына" қоры есебінен 20 пәндік кабинет сатып алынды. Бұдан басқа жергілікті бюджеттен 500,0 млн. теңгеге 71 білім беру нысанын жаңғыртуға жиһаздар сатып алынды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары жаңғыртылды, дабыл түймелері, бейнебақылау жүйесі ЖБО-ға қосылып турникеттер орнатылды.
2024 жылдың маусым айында 237 білім беру мекемелерінің қауіпсіздігіне 404 250,0 мың теңге қаражат бөлінді (бейнебақылау жүйесі, бейнебақылау жүйесінің ЖБО-ға қосылуы, турникеттер орнату, лицензияланған күзет енгізу).
Аудандар бөлінісінде Полиция департаментінің Жедел-басқару орталығына бүгінгі таңда 76 мектепке дейінгі ұйым, 206 мектеп және 17 колледж қосылған.
83 мектепке дейінгі ұйымына, 226 мектепке, 21 колледжге дабыл түймелері орнатылды.
Облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың 329 126,4 мың теңгесі игерілді.
«Қазақстан халқына» қоры есебінен 20 пәндік кабинет сатып алынды.