1954 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы №836 (IX) қарар қабылдады және барлық елдерге Дүниежүзілік балалар күнін атап өтуге кеңес берді. Бүкіл әлемде Дүниежүзілік балалар күні 20 қарашада атап өтіледі. 20 қараша күні кездейсоқ таңдалмады: 1959 жылы осы күні БҰҰ Бас Ассамблеясы «Балаларға бақытты балалық шақты қамтамасыз ету» мақсатымен Бала құқықтары туралы Декларация қабылдады. Қазақстан Республикасы 1994 жылы Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Ұлттық саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. 2023 жылғы 15 қарашадан 25 қараша аралығында Дүниежүзілік балалар күніне орай танымдық, тақырыптық, мәдени және спорттық іс-шаралар циклі ұйымдастырылады. Басты мақсат – мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, бизнес-топтардың, БАҚ-тың күш-жігерін балалардың мүддесі үшін мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне қоғамның назарын аударуда біріктіру.
Онкүндік аясында келесідей іс-шаралар ұйымдастырылады:
- «Балалық шақты бірге қорғайық» – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің құқық қорғау органдарының, медициналық мекемелердің, жұмыспен қамту орталықтарының, прокуратура органдарының өкілдерімен кездесуі;
- «Бақытты бала – бейбіт елдің тірегі» - Балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекет іске асыратын іс-шаралар туралы хабардар ету мақсатында көп балалы аналармен, ата-аналар қауымдастықтарымен кездесулер ұйымдастыру;
- «Күндей күлген анамның, баласы болып қаламын!» жалпы білім беретін мектептердің 1-4 сынып оқушылары арасында бақытты балалық шақ бейнеленген сурет байқауы;
- «Бала құқығы – асыл қазына» - жалпы білім беретін мектептердің 5-11 сынып оқушылары арасында эссе байқауы;
- «Түнгі қаладағы балалар» - Полиция департаментімен бірлескен акция;
- «Балалар игілігі үшін» - жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің арасында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін өткізе отырып, қайырымдылық акциясын ұйымдастыру;
- «Тегін білген текті елдің ұрпағымыз!» жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында этно-ұлттық сайысы;
- «Мен бақытты баламын!» білім беру ұйымдарының 1-4 сынып оқушылары арасында отбасылық спорт жарысы;
- «Мен және менің құқығым» атты жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында дебат сайысы;
- «Менің құқықтарым» атты жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің арасында викториналық сайысы.
Онкүндікке білім беру ұйымдарының оқушылары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері, мемлекеттік органдардың, педагогикалық, ата-аналар қоғамының, бизнес-құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері және т. б. қатысады.