Кездесу барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан «Шахмат негіздері» жобасының нәтижелері мен алдағы даму бағыттары талқыланды.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында «Шахмат негіздері» пәні 173 мектептің 1-2 сыныптарында енгізілген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада бірінші орында тұр.
Облыстағы жүйелі жұмыстың нәтижесі халықаралық деңгейде де өз жемісін беруде. Соның жарқын дәлелі – Бөкей Ордасы ауданы Хан Ордасы ауылындағы Жәңгір хан атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің халықаралық FIDE EDU фотобайқауында жеңімпаз атануы.
Әлемнің 30 елінен ұсынылған жобалар қатысқан байқауда мектептің 1 «Б» сыныбы бірінші орынға ие болды. Сынып жетекшісі Альфия Ринатқызы Аксёнова ұсынған жоба оқушылардың шығармашылығы мен шахмат арқылы білім алудың тиімділігін көрсетті. Жоба аясында балалар фильм кейіпкерлерімен әрекеттесу арқылы геометриялық пішіндерді меңгеріп, өз қолдарымен киім үлгілерін дайындап, киізден шахмат тақталарын жасады.
Халықаралық байқаудың үздік бестігіне Қазақстан, Эфиопия, Қытай, Алжир және Бразилия елдерінің білім беру ұйымдары енді.
Кездесу барысында Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Даулетованың атынан облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллинге білім беру жүйесінде шахмат жобасын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен қолдауы үшін Алғыс хат табысталды.
Бұл жетістік – өңір педагогтері мен оқушыларының еңбегінің нәтижесі ғана емес, Батыс Қазақстан облысында білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан бастамалардың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.