Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен «2025-2026 оқу жылының аяқталуы туралы» брифингке қатысып, өңірдегі білім саласының негізгі қорытындылары мен жетістіктері жөнінде баяндады.
Брифинг барысында оқу жылының қорытындылары, білім сапасы, оқушылардың жетістіктері, мемлекеттік емтихандарды ұйымдастыру, сондай-ақ мектеп бітіру іс-шараларын өткізу тәртібі туралы кеңінен айтылды.
Биыл облыс мектептерінде оқу жылы дәстүрлі түрде аяқталады. Сонымен қатар 9 және 11-сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандар белгіленген кестеге сәйкес өткізіледі.
Мектеп бітіру кештерін өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау, оқушылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты салтанатты шараларды ұйымдастыру барысында заңнама талаптарын сақтау, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және артық шығынға жол бермеу қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ оқу жылы ішінде облыс оқушылары республикалық және халықаралық білім, ғылым, спорт, шығармашылық байқауларында жоғары нәтижелер көрсетіп, өңір мерейін асқақтатқаны айтылды.
Алдағы жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды тынығуын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.