Бүгін Казталов ауданында «Өсу векторы» жобасы аясында білім беру ұйымдарында білім сапасын арттыруға бағытталған облыстық семинар ұйымдастырылды

Бүгін Казталов ауданында «Өсу векторы» жобасы аясында білім беру ұйымдарында білім сапасын арттыруға бағытталған облыстық семинар ұйымдастырылды
Семинар жұмысы Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектеп пен Казталов мектеп-лицейі базасында өтті. Іс-шараға облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, басшының орынбасары, аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің басшылары, облыстық әдістемелік орталық директоры мен әдіскерлері, мектеп директорлары қатысты.
Семинардың алғашқы кезеңі Алма Оразбаева атындағы ЖОББМ базасында кейс-сессия форматында өткізіліп, білім сапасын арттыруға бағытталған жаңашыл тәжірибелерді таратуға арналды.
Іс-шара «Жетістіктер аллеясы» және шығармашылық кеңістік алаңдарынан бастау алды. Ауданның білім саласындағы жетістіктері таныстырылып, республикалық деңгейдегі табыстар ұсынылды. Бірқатар білім беру ұйымдарының көрмелері ұйымдастырылып, педагогтер мен оқушылардың бірлескен шеберлік сыныптары көрсетілді.
🔹 «Тиімді тәжірибе алаңы: ізденіс пен даму» бөлімінде тәрбие мен оқыту үдерісіндегі құндылықтарды кіріктіру, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және «Адал азамат» бағыты бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, тәрбиелік жобалардың нәтижелілігіне тоқталды.
🔹 «Салауатты рух – Адал Азамат» бөлімінде спорттық және ұлттық ойындар үйірмелерінің көрсетілімдері ұсынылды. Теннис, күрес, туризм, тоғызқұмалақ, шахмат және ұлттық ойындар арқылы оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар көрсетілді.
🔹 «Ұстаз үні – шәкірт жыры» әдеби-рухани бөлімінде оқушылардың шығармашылық өнерлері ұсынылып, Абай шығармалары оқылды. Сонымен қатар жас мамандар қозғалысы мен шығармашылық жобалар таныстырылды.
Семинар аясында ауданның білім беру саласындағы жетістіктері туралы бейнеролик көрсетіліп, ашық пікір алаңдары ұйымдастырылды. «Ортақ іс: Нәтиже. Даму. Болашақ» және ProTalk форматында білім сапасын арттырудың тиімді жолдары талқыланды.
Облыстық семинар педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге, тәжірибе алмасуға және инновациялық жобаларды насихаттауға бағытталған маңызды алаң болды.
Іс-шара қорытындысында білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту және жүйелі жұмыс арқылы нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігі атап өтілді.