«Жас көшбасшылар: заң, тәртіп, жауапкершілік»

«Жас көшбасшылар: заң, тәртіп, жауапкершілік»
Орал қаласындағы №52 жалпы орта білім беретін мектепте мектеп президенттері мен мектеп парламенті мүшелерінің маңызды кездесуі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Абылайхан Серіков қатысып, жас көшбасшылармен ашық пікір алмасты. Кездесу модераторы – облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.
Кездесуге қала мектептерінің президенттері мен 128 мектеп парламенті мүшесі қатысты. Белсенділігімен көзге түскен 6 үздік мектеп президенті облыс әкімінің, облыс прокурорының және Полиция департаменті басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Шара барысында «Мектеп парламенті – белсенді азаматтық алаңы» тақырыбында таныстырылым өтіп, №25, 33, 47 мектептердің Мектеп парламенттерінің жұмысы үлгі ретінде ұсынылды.
№33 мектеп президенті Аягүл Талғатова:
«Мектептердегі өзін-өзі басқару ұйымдары оқушылардың белсенді болуына, өз пікірін ашық айтуына және мектеп өміріне араласуына мүмкіндік береді. Бұл ұйымдар арқылы біз жауапкершілікті сезінуді, бірлесе жұмыс істеуді үйренеміз», – деп атап өтті.
Кездесу барысында оқушылар заң мен тәртіп қағидаттарын мектеп қабырғасында-ақ меңгеріп, өздерін толғандырған сұрақтарын еркін қойды.
Өйткені мектеп парламентінің әрбір бастамасы – қоғамның ертеңіне жасалған нақты қадам.
✨ Жас көшбасшылар – жарқын болашақтың кепілі!