Келешек мектептерінің басшылары мен ұстаздарына әдістемелік көмек көрсету басталды

Келешек мектептерінің басшылары мен ұстаздарына әдістемелік көмек көрсету басталды
✍️ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Келешек мектептерін басқару моделі ретінде айқындалды. Аталған жұмыс аясында қаңтар айының 5-8 аралығында еліміздің әр өңіріндегі Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері базасында ұстаздарға арналған біліктілікті арттыру курстары мен мастер кластар ұйымдастырылуда. Бұл курстарда физика, химия, биология, информатика, жасанды интеллект, мектеп зертханасын пайдалану дағдылары, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие беру әдіс- тәсілдері оқытылады.
🔰 Еліміздің 20 өңірінде өтіп жатқан семинарлар «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» және «Тәрбие экожүйесі: практикалық шешімдер» тақырыптарына арналған. Оған 170 Келешек мектебінен мектеп директоры мен олардың орынбасары және физика, химия, биология, информатика пәндері, STEAM және робототехника кабинеттерінің 1700-ге жуық педагогі қатысып жатыр. Аталған жұмыстардың бәрі де «Келешек мектептерін» тек жаңа ғимарат ретінде емес, мазмұны терең, сапалы білім беру экожүйесі ретінде қалыптастыруға бағытталған.
✔️ Естеріңізге сала кетсек, елімізде мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында 460 мың оқушыны қамтитын 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылда ашылды. Бүгінгі таңда мектептердің 170-інде оқу процесі басталды. Бұл инновациялық білім орындарының бұрынғы типтік мектептерден көлемі 15–20%-ға үлкен, техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Барлық келешек мектептері физика, химия, биология, еңбекке баулу, музыка, хореография залы, STEM-зертханалары мен робототехника кабинеттері, коворкинг және спорт залдарымен жабдықталған.
🚸 Бүгінде негізгі мақсат оқушылардың тұрғылықты жеріне, отбасы жағдайына қарамастан сапалы білім алуына толыққанды жағдай жасау. Болашақта «Келешек мектептерінің» стандарттары, әдістемесі, басқару жүйесі еліміздің барлық мектептерінің дамуына негіз болады.