Орал қаласындағы «Салтанат сарайында» Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты салтанатты шырша мерекесі өтті. Мерекелік кешке өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 9–13 жас аралығындағы 180 бала қатысты. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар, ерекше білім беру қажеттілігі бар бүлдіршіндер, әлеуметтік жағдайы төмен әрі көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ оқу мен өнерде жетістікке жеткен дарынды оқушылар бар. Қатысушылардың 128-і ауылдық елді мекендерден, 28-і облыстық білім ұйымдарынан, 24-і Орал қаласындағы мектептерден келді.
Іс-шара барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев балаларды Мемлекет басшысының атынан құттықтап, ізгі тілегін жеткізді: «Сіздер – еліміздің ертеңі. Білім, өнер және спорттағы жетістіктеріңіз Қазақстанның жарқын болашағының негізі. Армандарыңыз орындалып, биік белестерді бағындырыңыздар», – деді өңір басшысы.
Жаңажылдық думан ертегі әлеміне ұласып, балалар Аяз ата, Ақшақар, Айдаһар, өтіп бара жатқан жылдың белгісі – Жылан, келер жылдың символы – Жылқы және басқа да ертегі кейіпкерлерімен бірге ән шырқап, би билеп, көтеріңкі көңіл күйге бөленді.
Президент атынан әрбір балаға:
100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сертификат,
оқушыларға арналған танымдық энциклопедия,
мектеп сөмкесі,
тәтті сыйлықтар табыс етілді.
Кеш соңында балаларға «Жаңа жылдың жаңа дәмі» атты мерекелік түскі ас ұсынылып, ол мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Бұл сәт балалар үшін ерекше қуанышқа айналды.
Бұл шырша кеші – балалардың жүрегінде мәңгі сақталатын, жаңа жылға деген сенім мен ғажайыпқа деген үмітті оятқан жарқын мереке болды. 
Балалардың шат күлкісі мен шынайы қуанышы – Жаңа жылдың ең басты сыйы!