Оралда "Келешек мектебі" ашылды

Оралда "Келешек мектебі" ашылды

Орал қаласының Зашаған кентінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орынға арналған жаңа білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, облыстық мәслихат депутаттары, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары, мердігер ұйым өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Өңір басшысы құттықтау сөзінде бұл күннің өңір үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтіп, жаңа мектептің Орал қаласында пайдалануға беріліп отырған үшінші «Келешек мектебі» екенін жеткізді. 600 орынға есептелген жаңа білім ошағында 33 оқу кабинеті, дизайн-технология, робототехника, инклюзивті білім беру кабинеттері, хореография залы, шығармашылық және техникалық бағыттағы шеберханалар қарастырылған. Сонымен қатар, екі спорт залы, заманауи кітапхана, бірнеше коворкинг алаңдары, 130 орындық акт залы және 176 орындық асхана толық жұмыс істеуге дайын. Жаңа мектептің іске қосылуы Зашаған кентінде қазіргі таңда үш ауысымда жұмыс істеп отырған Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда облыста 9806 орынға арналған 28 мектеп салынды. Оның ішінде «Келешек мектебі» жобасы аясында 6900 орындық 7 мектеп пайдалануға берілді.