Оқу процесін ұйымдастыру

Оқу процесін ұйымдастыру

    Барлық штаттық режимдегі және кезекші сыныптары бар мектептердің, колледждердің, мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылуда.

      Білім беру ұйымдарда санитарлық нормалардың сақталуы облыс, аудан (қала) әкімдіктері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қатаң бақылауында.

   Қазіргі таңда аудан (қала) әкімдерінің орынбасарларының төрағалығымен мектептердегі санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету және оны қадағалайтын мониторингтік топтар құрылды.

       Қашықтан оқитын мектеп оқушыларын тиісті құрылғылар мен интернетпен қамтамасыз ету.

      Қашықтан оқитын оқушылардың 12 830-ы қайтарымды негізде мектептер балансындағы компьютерлермен қамтылды. Оқушыларды компьютерлік құрылғылармен қамту үшін ҚР Үкіметі резервінен 14970 компьютерлік құрылғыны (компьютерлер – 1558, ноутбуктер – 11394, планшеттер – 2018) сатып алуға қаражат бөлінді, қазіргі таңда 4653 құрылғы жеткізіліп, аудандарға және Орал қаласына үлестірілді. Бұл құрылғыларды таратуға «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері, ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңес мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері тартылып, әлеуметтік желілерге ақпараттар орналастырылуда.

     Облыс бойынша қашықтан оқитын интернеті жоқ 3947 отбасыға 3947 құрылғы таратылды. Биылғы ұялы байланыс операторлары қашықтан оқыту кезінде оқушыларға мүмкіндік жасау үшін арзандатылған «Білім» тарифын ұсынды. Облыс бойынша бұл тарифмен білім беру ұйымдары арқылы2 мыңға жуық оқушы қамтылды.

     Білім платформалары жұмысы. Оқу процесін қашықтық форматында ұйымдастыру үшін әр мектеп өз бетінше мұғалімдердің негізгі сұраныстарына сәйкес келетін Bilimland, Edupage,Дарын онлайн білім платформаларына қосылды.

     Қашықтан оқитын колледждер googleclassroom (2 колледж), CollegeSmartNation (26 колледж), EDUS (5 колледж) платформаларымен жұмыс жасайды.

   Компания өкілдері, білім басқармасы мен облыстық әдістемелік кабинет қызметкерлерімен бұл платформаларды жүргізу бағытында әдістемелік сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

     5-15 қазан аралығында 2-11 сыныптарда бөлімге 1 жиынтық жұмыс және 28 қазаннан бастап тоқсанға 1 жиынтық жұмыс өткізеледі. «Өзін-өзі тану», «Көркем еңбек», «Музыка», «Дене шынықтыру», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау», «Қоғам және дін» оқу пәндері бойынша жиынтық бағалауды өткізбейді.

     Оқу жылы басынан оқушылар арасында COVID-19 тіркелуіне келсек. Оқушылар арасында күні бүгін 5 оқушыда бұл аурудың сынама тесттері оң нәтиже көрсетті. Олардың 3-і кезекші сыныптардағы бастауыш сыныптың оқушылары, 2-і қашықтан оқитын оқушылар. Барлық 5 бала ата-аналар мен туыстарынан инфекцияны жұқтырған. Қазіргі уақытта балаларда клиникалық көріністер жоқ, олар амбулаториялық ем алуда. Осы сыныптардағы барлық оқушылар мен мұғалімдердің коронавирустық инфекцияға тапсырған сынамалары теріс нәтиже көрсетті.

      10 қазаннан бастап Орал қаласының № 9 орта мектебінің, 13 қазаннан бастап Орал қаласының №6 орта мектебінің кезекші сыныптары өз жұмысын бастады.