Кеш барысында ақын жырлары мен музыка үндестігі жарасым тапты.
Поэзиямен өрілген кеште ақынның өміршең өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Қазақ ән өнерінің жауһарларына айналған туындылар әуелеп, көрермендерді естелікке жетеледі.
Кеш барысында «Шежіре» фольклорлық ансамблі күй тартып, қазақтың қара домбырасының қоңыр үнімен көрермендерді баурап алды. Аудан өнерпаздарымен қатар кеш қонақтары
халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, әнші, композитор Ербол Ақбасов, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері әнші Айбар Хайырханов, дәстүрлі әнші Нұршат Исламғалиевтар ақын сөзіне жазылған әндерді шырқап, тыңдарманды тәнті етті.
Кеш Айбар Хайырхановтың орындауында әр қазақтың жүрегінде мәңгілік орын алған «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Қадыр Мырза Әлінің қазақ әдебиетіндегі орны ешқашан ұмытылмайтынын, оның шығармалары әлі талай ұрпаққа рухани азық болатынын атап өткен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр кеш қонақтарына аудан халқының ризашылығын жеткізді.