13 желтоқсан күні аудандық тарихи-өлкетану музейінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай «Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік айғағы» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Бұл кештің басты мақсаты – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбандарын еске алып, олардың ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі ету.
Еске алу кешінде Желтоқсан оқиғасының тарихы баяндалып, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхаметжанова, Ербол Сыпатаев сынды батырларымыздың есімдері ерекше құрметпен аталды. Бір минут үнсіздік жарияланып, желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етілді.
Кеш барысында ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Малик Сисенбаевич Утешев сөз сөйлеп, жастардың ұлттық намыс пен азаттық жолындағы ерлігін атап өтті. Сонымен қатар, көрермендерге Желтоқсан оқиғасының халықаралық деңгейде қалай бағаланғаны жайлы мәліметтер ұсынылды.
Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, қонақтар «Желтоқсан желі», «Қара бауыр Қасқалдақ», «Елім менің» сынды шығармаларды тыңдады. Әндерді орындаған өнерпаздар Аслан Ғизатов, Кенесары Болғанбаев, Жеңіс Қасымов және Мейірбек Жанболат кештің мазмұнын одан әрі тереңдете түсті.
Тәуелсіздік – бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл мұраты. Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін Желтоқсан оқиғасының ерлеріне әрдайым қарыздармыз. Азаттықтың ақ таңы мәңгілік болып, еліміз гүлдене берсін!