
14 ақпан күні ауданға Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Дәурен Байтөлешов жұмыс сапарымен келді.
Мемлекеттік инспектор Дәурен Бозтайұлы ауданға сапарын Белес ауылдық округінде орналасқан «Белес-Агро» ЖШС-нің жұмысымен танысудан бастады.
Елімізге белгілі кәсіпкер Мұрат Жәкібаев жетекшілік ететін «Белес-Агро» нысанының қуаттылығы соншалық, тәулігіне 150 тонна өнім шығарады. Серіктестікте 104 адам қызмет етеді. Айта кету керек, «Белес-Агро» Қазақстан Республикасынан басқа Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей Федерациясы нарығында жоғары сұранысқа ие.
Мемлекеттік инспектор Д.Байтулешов одан соң аталмыш ауылдық округтегі «Батыс-Пауэр» ЖШС-нің ГТС-да болып, жұмысшылармен кездесті. Қуаттылығы 200 МВт-ты құрайтын «Батыс-Пауэр» ЖШС-інде 70 қызметкер еңбек етеді. Нысан бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 866,1 млн.теңгеге аутокөлік жолдары мен табиғи газбен жабдықтау бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Мемлекеттік инспектор Д.Байтөлешов аялдаған нысандардың бірі – «Дата центр» Орал технологиялық паркі есептеу орталығының виртуалды деректерді сақтау және орналастыру, интернет платформаларын орналастыру және қызмет көрсету орталығының құрылысы нысаны болды.
Жоба мақсаты – виртуалды деректерді сақтау және орналастыру орталығының қызметтері, интернет платформаларды орналастыру және қызмет көрсету, есептеу болып табылады.
Жоба құны 25 млн. АҚШ долларын құрайды. Өндіріс қуаты – 225 Мвт. Өнімдер мен қызметтердің әлеуетті тұтынушылары Қазақстан Республикасының, жақын және алыс шетел тұтынушылары болып табылмақ. Нысанды пайдалануға беру мерзімі 2020 жылдың ІV тоқсанына белгіленген.
Сапар соңында Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Дәурен Байтөлешов Бәйтерек аудандық тарихи-өлкетану мұражайымен танысып, ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Мемлекеттік инспектордың ауданға жасаған сапары барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі аппаратының басшысының орынбасары Орал Құспаев, Бәйтерек ауданының әкімі Асхат Шахаров бірге жүрді.