
Ағымдағы жылдың 20 мамыр күні Бәйтерек ауданында тұрғындар мен жастар арасында рухани құндылықтарды дәріптеу, діни сауаттылықты арттыру және зайырлы мемлекет қағидаттарын түсіндіру мақсатында бірқатар кездесулер өтті. Аталған іс-шаралар әртүрлі аудиторияны қамтып, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға бағытталды.
Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің жоғары сынып оқушыларымен өткен «Зайырлылық қағидаты – Қазақстан Республикасы болашағының кепілі» тақырыбындағы кездесуде жастарға зайырлы қоғамның маңызы кеңінен түсіндірілді. Кездесуге «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының «Ақпараттық-түсіндіру жұмысы» бөлімінің лекторы Арман Нұрахметұлы қатысып, оқушылармен ашық пікір алмасты. Жастардың құқықтық және рухани сауаттылығын арттыруға бағытталған жиында дін мәселесіне саналы көзқарас қалыптастыру, ақпаратты дұрыс қабылдау және қоғам алдындағы жауапкершілік жөнінде маңызды ойлар айтылды.
Мазмұнды кездесулердің бірі Мансап орталығы қызметкерлері мен жұмыссыз азаматтардың қатысуымен өтті. «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүрдің өзара байланысы» тақырыбындағы жиында ұлттық дәстүрдің қоғам өміріндегі орны, рухани мәдениетті сақтау және жастар арасында дұрыс діни түсінік қалыптастыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, маман тарапынан жан-жақты жауап алды.
Осындай бағыттағы кездесу мемлекеттік қызметкерлер арасында да ұйымдастырылды. Іс-шара барысында зайырлы мемлекет ұстанымдарының маңызы, қоғамдағы рухани келісім мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері сөз болды. Арман Нұрахметұлы дін мен дәстүрдің сабақтастығы қазақ қоғамының беріктігін айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі екенін атап өтті.
Переметный ауылында өткен кездесуде де жастармен еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырылды. Жиын барысында зайырлы қоғамның артықшылықтары, жастар тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың рөлі және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау жолдары кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, рухани-ағартушылық бағыттағы шаралардың жалғасуы қажеттігін жеткізді.
Іс-шаралар «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және жастар арасында құқықтық әрі рухани мәдениетті қалыптастыру бағытында ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда қоғамда діни сауаттылықты арттыру, жастардың санасын жат ағымдардың ықпалынан қорғау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және «Заң және тәртіп» қағидаттарын насихаттау – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы кездесулер тұрғындардың ой-өрісін кеңейтіп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға өз үлесін қосуда.