«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Бәйтерек ауданында әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға бағытталған игі бастама жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, мүгедектігі бар тұрғындардың аулаларын абаттандыру және көгалдандыру мақсатында жеміс ағаштарының көшеттері отырғызылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Е. Галиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Өтешев, қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенді жастар қатысып, ортақ іске бірлесе атсалысты.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бірнеше тұрғын үй аумағы ретке келтіріліп, 20-ға жуық алма, алмұрт, абрикос ағаш көшеттері егілді. Бұл бастама қоршаған ортаның сапасын жақсартумен қатар, ерекше жандарға қолдау көрсетіп, олардың өмір сүру ортасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам болды.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай бастамалар өңірде жүйелі түрде жалғасып, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға және азаматтық белсенділікті нығайтуға ықпал ете береді.