Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен ынтымақтың бастауы. Бұл – табиғат түлеп, тіршілік атаулы қайта жанданып, күн мен түн теңескен, жақсылық пен үмітке жол ашқан ерекше кезең. Тамыры терең тарихтан бастау алатын бұл мереке – ұлт руханиятының өзегі, берекелі бірлігіміздің айғағы, татулық пен түсіністіктің алтын діңгегі.
Халқымыз үшін Наурыз – тек көктемнің келуі ғана емес, ол – елдік пен ертеңге деген сенімнің, ізгі ниет пен кең пейілдің мерекесі. Ата-бабаларымыз аманат еткен салт-дәстүрлеріміз жаңғырып, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталатын тағылымды кезең. Ұлыс оң болып, ақ молайып, әр шаңыраққа бақ пен береке қонсын деген ізгі тілектер осы күнмен астасып жатыр.
Бүгінде ауданымызда ел игілігі жолындағы ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік бастамалар, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, құрылыс пен абаттандыру жұмыстары – барлығы да өңіріміздің өркендеуіне қызмет етуде. Бұл – береке-бірліктің, тұрақтылық пен жасампаз еңбектің нақты нәтижесі.
Ардақты ағайын!
Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш, молшылық пен құт-береке тілеймін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс серік болсын! Еліміздің мерейі үстем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Құрметпен,
Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов