Қойылымның қоюшы режиссері – Жалғасбек Мырзагереев, қоюшы суретшісі – Азамат Өміртаев. Мектеп өмірін арқау еткен спектакль жасөспірімдерге тән аңғал сезім мен алғашқы махаббаттың кіршіксіз тазалығын әзіл мен шынайылық арқылы әсерлі жеткізді. Бір сағатқа созылған қойылым барысында көрермен бірде күлсе, бірде өз жадындағы балғын естеліктерге еріксіз үңілді.
Қойылым соңында сахна төрінде қонақтарға аудан әкімі атынан ықылас гүлі табысталып, өнер ұжымына құрмет көрсетілді.
Салтанатты сәтте сөз алған Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Е. Галиев театр ұжымына ризашылығын білдіріп, өнердің жүректен шыққанда ғана көрерменге жететінін атап өтті.
Өз кезегінде Тасқала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М. Танатжанов Бәйтерек жұртшылығына алғыс айтып, екі аудан арасындағы шығармашылық байланыстың маңызын атап өтті.