«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДА КЕҢЕЙТІЛГЕН ЖИЫН ӨТТІ

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДА КЕҢЕЙТІЛГЕН ЖИЫН ӨТТІ
Аудандық мәдениет үйінде Бәйтерек ауданы әкімдігі жанындағы жоспардан тыс құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамының қатысуымен, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кеңейтілген жиналыс өтті.
Жиынға аудан әкімі М.Тоқжанов, аудан прокуроры А.Меңлібаев, аудандық мәслихат төрағасы Н.Хайруллин, аудандық полиция бөлімінің бастығы Қ.Маратов, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары және мекеме басшылары қатысты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер негізге алынып, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ интернет алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі М.Тоқжанов өз сөзінде:
«Президентіміздің бастамасымен елімізде “Заң мен тәртіп” қағидатын жүзеге асыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы басты ұстаным. Аудан көлемінде де осы бағыттағы түсіндіру және алдын алу шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, аудан прокуроры А.Меңлібаев құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі өзекті мәселелерге тоқталды. Әсіресе, алаяқтық, құмар ойындарға тәуелділік (лудомания), интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының алдын алуда бірлескен жұмыстың және азаматтардың белсенділігінің маңызын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Р.Кашкинбаев тұрғындар арасында қауіпсіздікті сақтау шаралары туралы баяндап, үйдегі өрт қауіпсіздігі мен мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігіне тоқталды. Ол аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы да мәлімет берді.
Жиналыс қорытындысы бойынша құқық қорғау және жауапты мемлекеттік органдарға бірлесіп, көрсетілген мәселелердің алдын алу мақсатында халық арасында кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.