Құрметті бәйтеректіктер!

Құрметті бәйтеректіктер!
Құрметті бәйтеректіктер!
Сіздерді келе жатқан 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – тамаша отбасылық мереке ғана емес, сонымен бірге өткенді қорытындылауға және алдымызға жаңа мақсат қоюға мүмкіндік беретін айрықша сәт.
Өтіп бара жатқан 2025 жыл көптеген маңызды және ауқымды оқиғаларымен есімізде қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың отандастарымыздың тұрмыс деңгейін жақсартуға және экономикалық дамуымызға бағытталған саясатының арқасында еліміз жаңа табыстарға қол жеткізіп, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі арта түсті.
Тарих қойнауына кетіп бара жатқан жыл ауданымыз үшін де жетістіктерге толы болды. «Көңіл – қазы, көз – таразы» демекші, бірлік-берекемізді айрықша құндылық ретінде қастерлеп, барлық істі бәріміз бірге еңсердік. Қандай асуды бағындырсақ та, солардың әрқайсысында – Сіздердің айшықты қолтаңбаларыңыз сайрап жатыр.
Осынау жарқын мереке қарсаңында еліміздің ортақ табысы жолында сенім мен күш біріктергеніңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Біз әрдәйім болашақ жоспарымызды жанымызға ең жақын жандардың – балалардың, аға ұрпақтың, ошағымыздың амандығымен, Отанымыздың игілігімен байланыстырамыз. Өйткені, олар – табанды түрде білім алуға, басқаларға шын жүректен көмектесуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге және ауданымыздың нығайып, табысты болуы үшін қолдан келгенді жасауға деген ұмтылысымыздың қайнар көзі.
Келе жатқан Жаңа жыл Сіздерге игілік пен ізгілік, отбасыларыңызға амандық, құт-береке әкелсін! Қамбамыз қазыналы болып, несібеміз артып, әрбір ісіміз жемісті болсын!
Байтақ Бәйтерегіміздің құты мен ырзығы артсын!
Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, ардақты жерлестер!
Игі тілекпен,
Бәйтерек ауданының әкімі Марат ТОҚЖАНОВ